×

Президент Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады

Мемлекет басшысы былтырғы атқарылған жұмыстарға оң баға берді

 Динара Амантай 05.01.2024 | 16:18
Фото: t.me/aqorda_resmi

Ерлан Қошанов президентке Мәжілістің заң шығару қызметі туралы баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, сессия басталғалы бері 35 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске асырылуын, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану, бизнес жүргізу, тәлімгерлік пен балалардың қауіпсіздігі, денсаулыққа зиян келтіретін жұмыс орындарында еңбек ететін азаматтарды арнайы төлемақымен қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін құжаттар қабылданған.

Қазір депутаттардың қарауында 69 заң жобасы жатыр. Оның үштен бір бөлігіне Мәжіліс депутаттары өздері бастамашы болған. Президенттің тапсырмасымен Бюджет кодексі, халықтың тым көп несие алуын төмендету, тұрғын үй саясаты, мемлекеттік сатып алу, ғылым және технологиялық саясат, тұтынушылардың құқығын қорғау, жылу энергетикасы, масс-медиа, адам саудасына қарсы іс-қимыл және басқа да заң жобалары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Өте маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында талқыланады.

Мемлекет басшысына Мәжіліс депутаттары халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін парламенттік тыңдау, медициналық сақтандыру жүйесін дамыту, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және сауда саясатын жетілдіру мақсатында үкімет сағаттарын өткізгені жөнінде мәлімет берілді.

Сонымен қатар, Мәжіліс спикері партиялық фракциялар мен бір мандатты депутаттар белсенділігінің артуы Парламенттегі пікірталас деңгейін көтергенін атап өтті. Депутаттар жылдың алғашқы күнінен бастап сайлаушылармен кездесу және халықтың тұрмысын жақсарту жөніндегі президент тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізу үшін өңірлерге аттанды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Палата депутаттарының парламенттік дипломатия аясындағы қызметі де таныстырылды.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Мәжілістің 2023 жылы атқарған жұмыстарына оң баға берді. Президенттің айтуынша, қабылданған заңдар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағдарына қатысты негізгі шараларды іске асыруды көздейтін заңдарды қабылдау қажет екеніне назар аударды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама