×

Рыбакинаның қарсыласы ойыннан бас тартты (ВИДЕО)

Осыған дейін теннисшілер бір рет кездесіп, онда ресейлік спортшы жеңген болатын

 Дастан Жұмабекұлы 05.01.2024 | 11:23
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннистен Аустралияның Брисбен қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінде Елена Рыбакина жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен кездесіп, бірінші партияның ойыны болып жатқанда қарсыласының жарақат алуына байланысты ½ финалға жолдама алды.

Осыған дейін теннисшілер бір рет кездесіп, онда ресейлік спортшы жеңген болатын. Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған кезде Рыбакина брейк жасап, содан кейін есеп 4:1 болғанда, Потапова медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін Қазақстан теннисшісі тағы бір брейк жасап, таблодағы есеп 6:1-ді көрсеткенде ресейлік спортшы ойынды жалғастырудан бас тартты.

Матч жарты сағат қана болды. Осы уақытта Рыбакина 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді.

Енді Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 40-ракеткасы, чехиялық Линда Носковамен немесе рейтингте 58-сатыда тұрған 16 жастағы ресейлік Мирра Андреевамен кездеседі.

Еске сала кетсек, бұл турнирдің жалпы жүлде қоры – 1 736 763 доллар. Бұл ақшаны, әрине, жеңімпаз бен жүлдегерлер өзара бөліседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама