×

Жер қойнауын пайдалану туралы заң: Мәжіліс Сенат енгізген түзетумен келісті

Бұл ретте 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған шарттар мен берілген лицензиялар бойынша мемлекеттік комиссияның функцияларын сақтау ескерілген

 Дәурен Ерболат 27.12.2023 | 15:40
фото: Halyq Uni

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қарап, Сенат ұсынған түзетумен келісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қаралып отырған заңға сенаторлар бірқатар нақтылау түзетуін енгізген.

Бұл ретте 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған шарттар мен берілген лицензиялар бойынша мемлекеттік комиссияның функцияларын сақтау ескерілген. Сондай-ақ пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасыратын немесе жалған мәліметтер беретін адамдар үшін жауапкершілік белгіленген. Биыл 26 желтоқсанда Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Сенаттың түзетулері талқыланып, бірауыздан қолдау тапты. Біздің комитет аталған заңға Сенат енгізген түзетулермен келісуді ұсынды, - деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде Мәжіліс депутаттары ұсынысты қолдады.

Еске сала кетсек, кеше Сенат депутаттары аталған заң жобасының жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, Мәжіліске қайтарған еді. 

Заңды Сенатта қарау барысында геологиялық барлауға инвесторларды тарту үшін жаңа кен орындары үшін KazRC халықаралық стандарттарын ендіре отырып, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар мен лицензиялар үшін ғана Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сақтау бөлігінде түзетулер енгізілді, - деп жазылған Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті таратқан мәліметте.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы енді Қазақстанда ірі кен орындарының 50% үлесі міндетті түрде мемлекет меншігінде болуы керектігін айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама