×

Боксшы Махмұд Сабырхан жылдың үздік спортшысы атанды

Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін» сыйлығын алды

 Дастан Жұмабекұлы 26.12.2023 | 09:53
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанада Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік» атты спортшыларды салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті. Жыл сайынғы дәстүрлі іс-шарада ел абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар, спорт саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары 18 аталым бойынша марапатталады.

Салтанатты жиынға Парламент депутаттары, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері және биылғы әлем чемпиондары, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты.

Жиында сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев биыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын айтып, халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге жетіп, үздік деп танылған спортшыларды құттықтады.

Біз биылғы жұмыстарымызды қорытындылау және үздік спортшыларды құрметтеу үшін арнайы жиналып отырмыз. Биыл ел спортында айтулы жеңістер аз болған жоқ. Жалпы, спорт саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Спорттың барлық түрі бойынша отандық спортшылар жанкүйерлерді өз жетістіктерімен әрдайым қуантып жүр. Ұлттық құрама спортшылары жыл басынан бері 1 400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль бар. Әлем чемпионаттарында 68 алтын медаль, Азия чемпионаттарынан 47 алтын, Азия ойындарынан 10 алтын олжалады. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттағанын ерекше атап өткім келеді, – деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен, мына спортшылар мен жаттықтырушылар, спорт басқармалары мен федерациялар жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылды:

Нүркен Рахманқұл – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;

Кенжеғали Бекқұлов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;

Рауан Қазезов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;

Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;

Исхар Курбаев – «Жас және жасөсіпірімдер құрамындағы спортшы»;

Виктория Волкова – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;

Наталья Сухачева – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;

Берік Қонысбеков – «Үздік спорт дәрігері»;

Мөлдір Жаңбырбай, Милад Карими, Руслан Құрбанов –  «Жылдың үздік нәтижелері»;

Қазақстандық спорттық ату федерациясы – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясы»;

Тимур Турлов – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясының президенті»;

Әділет Бәрменқұлов – «Жылдың үздік спорт менеджері»;

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Үміт спорт клубы – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;

Алматы қаласы – «Үздік спорттық өңір»;

Сергей Шабалин (Руслан Құрбановтың жаттықтырушысы) – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;

Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін»;

Махмұд Сабырхан, Ербол Хамитов – «Жылдың үздік спортшысы»;

Самат Қанағатов, Жандос Бұсұрманов, Ербол Қайыров – «Үздік спорт журналисі».

Серіктес жаңалықтары

Сараптама