×

Биыл пайдаланылмай жатқан 4,6 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Саладағы жалпы өнімнің көлемі 8,2 трлн теңге болды

 Динара Амантай 25.12.2023 | 09:09
Фото: aikyn.kz

Үкімет 2023 жылғы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс нәтижелерін жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Саланы одан әрі дамыту аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс көлемін ұлғайту және отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыру бойынша стратегиялық міндеттер қойды. Осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңге болды.

16,6 млн тонна дәнді дақылдар, 2,1 млн тонна майлы дақылдар және 5 млн жем-шөп дақылдары жиналды.

Қазақстанның мал шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Өнім өндіру көлемі 3,3% артып, 3,8 трлн теңге болды. Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9% өсіп, 2,9 трлн теңге болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы «Ауыл аманаты» атты ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын ауқымды түрде іске асыру басталды. 2023 жылы бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді. Пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 2023 жылы мемлекетке 4,6 млн гектар, ал 2022 жылдың басынан бері 10 млн гектар жер қайтарылды. 2023 жылдың басынан бастап отандық АӨК-те 164,5 млрд теңгеге 207 инвестициялық жоба іске қосылды.

Қостанай облысында түрік компаниясы тәулігіне 1 мың тоннаға дейін бұршақ дақылдары өндірісінің толық циклі жобасын іске асырды. Солтүстік Қазақстан облысында 4-ші буынға жататын жаңа инновациялық жылыжай іске қосылды. Онда жылына 3 мың тоннаға жуық қызанақ, қияр және салат жинау жоспарланып отыр. Ақмола облысында швейцариялық Buhler концернімен бірлестікте құны 2,5 млрд теңгеден асатын глютенсіз сұлы үлпегі өндірісі бойынша жоба іске асырылды. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлық көзден шамамен 500 млрд теңге бөлінді. Биылғы ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет отандық фермерлерге қосымша қолдау көрсету жөнінде бірқатар шараларды қабылдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама