×

Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасын жеңіп кетті

Турнир қорытындысында ол командалық өнер көрсету бойынша ең үздік спортшы (MVP) атағын жеңіп алды

 Еркеғали Болатұлы 22.12.2023 | 11:39
фото: prosports.kz

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина World Tennis Series турнирі аясында әлемдік рейтинг көшбасшысы Ига Швентекпен матч өткізді.

Aбу-Дабиде өтіп жатқан турнирде қазақстандық спортшы румыниялық Сорана Кырстя, америкалық Тейлор Фриц және үнді спортшысы Сумит Нагалмен бірге Falcons командасында өнер көрсетіп жатыр. Матчтар бір сеттен ғана өтеді.

Алғашында қазақстандық спортшы әлемнің бірінші ракеткасынан 4:6 есебімен артта қалса, командалық кездесудің жеңімпазын анықтау үшін болған тай-брейк форматындағы кездесуді жеңіспен (10:8) аяқтады.

Нәтижесінде Falcons командасы 3-2 есебімен Hawks ұжымын жеңді. Ал жеңілген топта Ига Швентектен басқа, француздық Каролин Гарсия, польшалық Хуберт Хуркач және норвегиялық Каспер Рудд бар.

Осыған дейін жұптық кездесу кезінде Кырстя мен Рыбакина Швентек-Гарсия жұбын жеңген болатын. Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық теннисші командалық өнер көрсету бойынша ең үздік спортшы (MVP) атағын жеңіп алды.

Сайыста бақ сынаған Kites ұжымы Eagles командасын 3:2 есебімен артта қалдырды. Жеңіске жеткендер сапын грек Стефанос Циципас, болгар Григор Димитров, белоруссиялық Арина Соболенко және испандық Паула Бадос толтырды. Ал Eagles құрамында ресейлік Рублев, Мирра Андреева және америкалық София Кенин бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама