×

Өзбекстан Ресей елшісінен атышулы мәлімдемеге байланысты түсініктеме алды

Мұндай әңгіме – арандатушылық, екі елдің арасына сызат түсіретін бос қиял, - делінген хабарламада

 Дастан Жұмабекұлы 22.12.2023 | 11:00
Фото: gazeta.uz, newshub.uz

Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының осы елдегі төтенше және өкілетті елшісі Олег Мальгинов шақырылды.

СІМ-нің мәліметіне қарағанда, әңгіме кезінде «Россия сегодня» баспасөз орталығында өткен конференцияда «Справедливая Россия – за правду» партиясының тең төрағасы Захар Прилепиннің Өзбекстан территориясын Ресейге қосу қажеттігі туралы ұсынысының Өзбекстанда наразылық тудырып, алаңдаушылықпен қабылданғаны айтылды.

Ресей Федерациясы сынды достас ел партия басшыларының көзқарасы Өзбекстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухына сәйкес келмейтіні жеткізілді. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралып жатқан мұндай мәлімдемелер арандатушылық болып саналады. Мұндай әңгіме халықтарымыз арасында қалыптасқан тарихи достық қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін, – делінген хабарламада.

Өз кезегінде О. Мальгинов толық жауапкершілікпен З. Прилепин мәлімдемесінің Ресей Федерациясы басшылығының достас және тәуелсіз Өзбекстанға қатысты ресми ұстанымына еш қатысы жоқ екенін атап өтті.

Ресей Федерациясының Өзбекстандағы өкілі ретінде елші өз елінің Өзбекстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығына ешқашан да күмәнданбағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ О. Малгинов Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты жақын арада түсінік беруді жоспарлап отырғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, Захар Прилепин Ресейде 2 миллионнан астам өзбек ұлтының өкілдері тұратынын, олардың басым бөлігі өз елдерінен босып, Ресейге жұмыс істеуге келген мигранттар екенін, солардың арасында дауыс беру жүргізіп, болашақта Өзбекстанды РФ-ның құрамына қосып алуға болатынын айтқан еді. Одан кейін ол Ресейдегі мигранттарды бірінші кезекте Украинадағы соғысқа жіберіп, майданның алғы шебіне жіберу керектігін де ескерткен болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама