×

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Мергендер мекені» тележобасы үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

 Ая Өміртай 21.12.2023 | 20:46
фото: Halyq Uni

«Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ ұжымы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ақпараттық қолдау көрсетіп, «Мергендер мекені» тележобасын жүзеге асырғаны үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды. Ұлттық сыйлық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға табысталды. 

Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай марапаттау шарасында жүлдеге берілген 1 миллион теңге қаржылай сыйлықты «Қазақстан» телерадиоорпорациясының қызметкері, екі жылдан бері қатерлі дертпен күресіп келе жатқан Гүлмира Рүстемованың еміне аударылатынын айтты.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату» және «JORYQ ат спорты» федерациялары бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қауымдастық алғаш рет Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Ұлттық спорт түрлері бойынша кадрлар даярлаудың арнайы оқу бағдарламалары әзірленіп, «Ұлттық спорттың жоғары мектебі» құрылады.

Биыл қыркүйек айында ұлттық спорт түрлерін насихаттау бойынша БАҚ өкілдері арасында «Alaman» медиа байқауы жарияланған болатын. 2024 жылы ұлттық спорт әлеміндегі соңғы жаңалықтар көрсетілетін «Ұлттық спорт қауымдастығы» Youtube арнасы ашылады.

Айта кетелік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Іс-шараны Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырды. 2022 жылдың қыркүйегінен бастап кәсіпкер және меценат Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды.

«Алтын тұғыр» салтанатты іс-шарасы «Amanat» партиясы, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама