×

Исламбек Салжанов қазақстандықтарды ұлттық спорт түрлерімен белсенді айналысуға шақырды

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

 Ая Өміртай 21.12.2023 | 20:22
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті

Астанада ұлттық спорттың үздіктерін марапаттайтын «Алтын тұғыр» салтанатты іс-шарасы басталды. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» жүлдесі биыл 10-шы рет табысталып, ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталады.

Ұлттық спорт үздіктерін марапаттауға Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Парламент депутаттары мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.

Дәстүрлі марапаттау іс-шарасына Қазақстанның барлық өңірінен спорт федерацияларының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар мен ұлттық спорттың жанкүйерлері де жиналды. Салтанатты жиын Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында өтті.

«Алтын тұғыр» салтанатты іс-шарасы барысында қауымдастықтың президенті Исламбек Салжанов еліміздің тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінің танымалдығы артып келе жатқанын атап өтті.

2024 жылы біз барша қазақстандықтарды салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге адалдық танытып, ұлттық спорт түрлерімен белсендірек айналысуға шақырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда ұлттық спорттың жүйелі дамуын тұрақты қолдап келеді. Президенттің бастамасымен келесі жылы Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осындай шаралардың арқасында елімізде ұлттық спортпен шұғылданатын қазақстандықтардың саны жыл сайын арта түсуде. Біздің қауымдасты тарапынан ұлттық спорт түрлерін дамытып, кеңінен насихаттауды жалғастыра береді, - деп атап өтті Исламбек Салжанов.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық» федерациялары” және “JORYQ ат спорты” бар. 2023 жылы федерациялардың спортшылары 12 халықаралық жарысқа қатысып, 95 медаль жеңіп алды, оның 35-і алтын.

Биыл алғаш рет Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленуде. Ұлттық спорт түрлері бойынша кадрлар даярлаудың арнайы білім беру бағдарламалары дайындалды. Ұлттық спорт түрлерінен жоғары мектеп құрылуда.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама