×

Алматыда қоғамдық кеңістіктер көп болады – Ерболат Досаев

Жалпы ауданы – 64,8 гектар

 Динара Амантай 21.12.2023 | 16:51
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің бапасөз қызметі

Алдағы уақытта Алматыда қоғамдық орындардың саны көбейеді. Бұл туралы ОКҚ брифингінде қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Биыл Алматыда 6 қоғамдық кеңістік (Оқушылар сарайы, ҚБТУ, Байсейітова көшесі, Желтоқсан саябағы, Көкмайса шағын ауданы, Әуежайдағы Даңқ алаңы) абаттандырылды. Жалпы ауданы – 64,8 гектар.

Бұл – қаладағы өте танымал саябақ аймақтары. Бұл аймақтар ретке келтіріліп, халық игілігіне берілді. Біздің 2024-2025 жылдарға арналған үлкен жоспарымыз бар. Өйткені әзірлеу процесінде көптеген жобалар бар. Қаражат жағы да қарастырылып қойды. Оның үстіне Жасыл Алматыға қатысты да керемет жоспарлар дайын, – деп атап өтті Ерболат Досаев.

Қала басшысының айтуынша, Панфилов көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағынан бөлек, Сәтбаев көшесінен Жамбыл көшесіне дейін (ұзындығы 2 шақырым) Байсейітов көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Осылайша, Республика алаңынан Абай атындағы ҚҰОЖБ театрына дейінгі бірыңғай жаяу жүргіншілер аймағы құрылды.

Сондай-ақ бізде Пушкин көшесіне қатысты жоспарымыз бар. Мақатаевтан Райымбекке дейінгі жоспарлар іс жүзінде бекітілді. Енді біз бұл жоспарды Мақатаевтан Гоголь көшесіне дейін жеткізсек дейміз. Сонымен қатар, Әуезов, Алатау, Жетісу, Түрксіб аудандарында да осындай жаяу жүргіншілер аймағын құрғымыз келеді. Жоба дайын болған кезде онымен бөлісіп, қайда және не істейтінімізді көрсетеміз. Менің ойымша, қала дұрыс бағытта дамып келеді және қоғамдық кеңістіктер көп болады, – деді Ерболат Досаев.

Анықтама үшін: қазір Алматыда Есентай өзенінің бойындағы жағалауларды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу ауданындағы Көкмайса (ұзындығы – 1,8 шақырым) және Алатау ауданына қарасты Көк-Қайнар шағын ауданы, Боралдай өзені (ұзындығы – 2,2 шақырым).

Келесі жылы Есентай өзенін (су бөлгіштен Медеуге дейін, ұзындығы – 6,2 шақырым) және Үлкен Алматы (Тұңғыш президент саябағынан Сайран көліне дейін, ұзындығы – 7,1 шақырым) өзендерінің бойындағы жағалауларды реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар, 2024 жылы жаяу жүргіншілерге бағдарланған ұзындығы 17 шақырым Райымбек даңғылын қайта құру жоспарланып отыр.

Гоголь көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі ұзындығы 1,1 шақырым Пушкин көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру бойынша қосымша жоба әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар, 7 көшеде жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту жоспарланған:

  • Радостовец көшесі, Абай даңғылынан Төле би көшесіне дейін, ұзындығы – 1,39 шақырым;
  • Мақатаев көшесінен Кіші Алматы өзенінен Есентай өзеніне дейін, ұзындығы – 4,44 шақырым;
  • Жандосов көшесі, Манастан Үлкен Алматы өзеніне дейін, ұзындығы – 3,11 шақырым;
  • Сәтбаев, Байзақов көшесінен Тілендиев көшесіне дейін, ұзындығы – 2,77 шақырым;
  • Гогольдан, Әуезов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін, ұзындығы – 3,05 шақырым;
  • Әуезовтен, Тимирязев көшесінен Гоголь көшесіне дейін, ұзындығы – 3,44 шақырым;
  • Розыбакиевтен, әл-Фарабиден Төле би көшесіне дейін, ұзындығы – 6,35 шақырым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама