×

Министрлік мектепішілік қысқы каникул іс-шараларының жаңа жоспарын ұсынды

Ол білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі

 Динара Амантай 21.12.2023 | 15:34
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық мектептерде екінші тоқсан аяқталып келеді. Қысқы демалыс 2023 жылдың 29 желтоқсанынан 2024 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда, 10 күнге созылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының қысқы демалысын және бос уақытын тиімді әрі тұлғалық дамыту мақсатында мектепішілік қысқы каникул іс-шараларының жоспарын әзірлеуде «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» негізге алуды ұсынады.

Мектепішілік іс-шара жоспарына:

  • ғылыми жоба жұмыстарының мазмұны туралы ақпараттық-танымдық сабақтар ұйымдастыруда жоғары сынып оқушылары мен ата-аналар бірлесе ЖОО-ның оқытушыларымен кездесу, ғылыми жоба туралы сұхбат жүргізу;
  • «Балалар кітапханасы» жобасы аясында «Үнемі оқитын адам – табысты адам» тақырыбында оқырмандармен кездесу, оқыған кітаптары туралы талқылау;
  • «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы негізінде білім алушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайтуда білім ұйымдарымен бірлесе «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» спорттық ойындарын өткізу;
  • «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында «Мен оқыған бір ертегі», «Парасаттылық туралы» тақырыптарында білім алушылармен әңгімелесу;
  • «Ата-аналар мектебі» жобасын орындауда «Қыз намысы – ұлт намысы», «Әкеңнің төріне сенбе, еткен еңбегіне сен», «Отбасылық таланттар» тақырыптарында ата-аналар жиналыстарын өткізу;
  • Құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылады.

Атап өтсек, аталған іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жіберіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама