×

Атырау облысында ЖШС 20 мыңнан аса адамның денсаулығына қауіп төндірген

Мекемеге қомақты айыппұл салынды

 Динара Амантай 19.12.2023 | 17:40
Фото: Halyq Uni

Атырау облысында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін құқық бұзушыға 37 млрд теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық прокуратура қауіпті қалдықтар айналымы саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді. Оның нәтижелері бойынша экологиялық рұқсатсыз «Oxygenator» ЖШС «Сағыз» полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын жинақтау арқылы Доссор қалалық үлгідегі кентте тұратын 20 мыңнан астам азаматтың денсаулығына тікелей әсер ететін өрескел заңбұзушылық фактісі анықталды.

Бұдан басқа, полигон аумағында мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болмағанына қарамастан, серіктестік 2022-2023 жылдар кезеңінде мұнай компанияларына қызмет көрсетуді жалғастырған. Осыған байланысты, Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізуді тапсырып, оның нәтижелері бойынша серіктестікке ӘҚБтК 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама («Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу») толтырылды, – делінген хабарламада.

Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен серіктестікке 37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.

Өз кезегінде прокуратура меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге нұқсан келтіргені үшін жауапкершіліктің міндетті түрде болатыны туралы ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама