×

«JORYQ» ат спорты федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығына енген 10-шы ұйым атанды

Қауымдастық қатарында Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ федерациялары бар

 Халық үні 19.12.2023 | 13:26
фото: Ұлттық спорт қауымдастығы

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбек ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар ел үшін маңызы зор іс-шараларды ұйымдастыруда және ұлттық спорт түрлерін дамытуда өзара қолдау көрсету, сондай-ақ қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттауға жан-жақты көмек көрсету туралы келісті.

«JORYQ» ат спорты федерациясының басшысы Бақытжан Тұрлыбек атап өткендей, дәл қазір Қауымдастық Қазақстандағы ұлттық спорт түрлерін дамытуға жауапты негізгі ұйым.

Қауымдастыққа кіретін федерациялар өздерінің жаттығу методикасын әзірледі, сондай-ақ квалификациясы жоғары жаттықтырушылар құрамы мен тиісті ғылыми қолдауға ие.

Бұған дейін «JORYQ» ат спорты федерациясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы кең ауқымды «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйге жобасын жүзеге асырды. 2023 жылы бұл жарысқа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды бағындырды. 2024 жылы мерейтойлық 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Ұлы дала жорығы» марафоны өтеді.

Келесі жылы біз Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында халықаралық марафон ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Ұлттық спорт қауымдастығының бізге көрсететін қолдауы өте маңызды. Осыған байланысты Қауымдастыққа мүше болуды жөн көрдік, – дейді Бақытжан Тұрлыбек.

Осылайша, «JORYQ» ат спорты федерациясы Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ федерацияларымен қатар Қауымдастыққа енген 10-шы федерация атанды. 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Ұлттық спорт түрлері қауымдастығын кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама