×

Қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің шамамен 70%-ы қайда инвестицияланады? – Ұлттық банк жауап берді

Төраға орынбасары келтірген мәліметке сүйенсек, 2023 жылғы 11 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгеге жеткен

 Халық үні 12.12.2023 | 20:07
Фото: Ұлттық банк

Ел азаматтарының ақшасы мемлекет экономикасына жұмыс істеуге тиіс. Қазіргі кезде зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің шамамен 70%-ы өз нарығымызға инвестицияланды. Бұл туралы ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді.

«БЖЗҚ – Қазақстан экономикасындағы ірі институционалдық инвестор, сондықтан да мұндай инвестицияларды дұрыс түсіну қажет. Өйткені қазақстандықтардың ақшасы, бірінші кезекте, өз экономикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді», – деді Әлия Молдабекова.

Төраға орынбасары келтірген мәліметке сүйенсек, 2023 жылғы 11 айда БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгеге жеткен.

Жалпы, зейнетақы активтерінің қазіргі көлемі – 17,3 трлн теңге. Оның шамамен 70%-ы жергілікті нарыққа инвестицияланған. Бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына салынған инвестициялар.

Зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы – шетел қаржы нарықтарындағы дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары.

Әлия Молдабекова жалпы, ақша (салымшылардың ақшасы – ред.) жұмыс істеуі керек екенін, әйтпесе, инфляция құнсыздандыратынын баса айтты.

«Бұл – бүкіл әлемдегі зейнетақы қорлары қолданатын стандартты тәжірибе. Ол инвестициялар салымшылар арасында бөлініп, сол арқылы олардың зейнетақы жинақтарын сақтап, көбейтіп отыратын инвестициялық табыс әкеледі», – деді ол.

Төрағаның орынбасары, сондай-ақ 2023-2024 жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» квазимемлекеттік компанияларының облигацияларына инвестициялау жоспарда бар екенін мәлімдеді.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нарықтық шарттарда облигациялар шығарады, ал БЖЗҚ осы бағалы қағаздарға қаражат салады. Бұл тетік толығымен ашық тетік болып табылады. Облигациялар Қазақстанның қор биржасында орналастырылады, оған БЖЗҚ-дан басқа барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады», – деді Әлия Молдабекова.

Осылайша, квазимемлекеттік компаниялардың өздері оларды өңдеу өнеркәсібіндегі және экономика үшін маңызды басқа да салалардағы ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама