×

Әлихан Смайылов: «Дәстүрлі сауда жолдары үзілді, Қазақстан балама жол іздеуге мәжбүр»

Биыл 11 айда Каспий теңізі арқылы 6,5 млн тонна жүк тасымалданған

 Дәурен Ерболат 12.12.2023 | 17:52
Әлихан Смайылов, фото: primeminister.kz

Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып, сауда жолдарының үзілуіне байланысты балама жол іздеуге мәжбүр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев еліміз үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту маңызды екенін атап өтті.

«Аталған көлік дәлізі бойынша жүк тасымал көлемі былтырғымен салыстырғанда 2 есе артып, 2 млн 500 мың тонна болды. Оның ішінде Қазақстандық өнімнің экспорты 3 есеге артты. Экспортпен қатар импорттық тауарлардың да өсуі байқалып отыр. Бұл Еуропалық компаниялардың Транскаспий халықаралық көлік бағытына деген қызығушылығын көрсетеді. Алайда шығыстан батысқа қарай транзиттік тауарлардың көлемі төмендеді. Оның негізгі себебі Оңтүстік теңіз бағытындағы тасымалдау бағасының төмендеуі», - деді ведомство басшысы.

Министр шетелдік компаниялармен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.

Қазір көршілес елдердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен экспортты Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау бойынша, оның ішінде оған мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деді министр.

Бүгінде президенттің тапсырмасына сәйкес Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымал көлемін 5 есеге арттыру міндеті қойылған.

Осыған байланысты Әзербайжан, Грузия және Түркиямен бірлесіп, тиісті жол картасына қол қойылды. Аталған жол картасының шеңберінде көзделген шаралар әрбір елмен бірлесіп іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар қазақстандық экспорттаушылармен және Maersk, Cosco Shipping, PSA сияқты әлемдегі ірі тасымалдаушы компаниялармен бірлесіп 3 және 5 жылдық тасымалдау көлемін айқындап жатырмыз. Нәтижесінде, көлік дәлізінің алдағы 5 жылға толық жүктелу көлемі артады, - деді Марат Қарабаев.

Министр осы бағыттағы тасымалдың артуын ескеріп, келесі 6 мәселе бойынша жұмыс жүргізу керек деген пікірде:

  • теңіз порттары акваториясының түбін тереңдету;
  • терминалдық қуаттарды дамыту және олардың негізінде бонд аймақтарын құру;
  • порттарға баратын теміржол инфрақұрылымын дамыту;
  • көлік дәліздерін цифрландыру;
  • сауда флотын арттыру;
  • және навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан балама жол іздеуге мәжбүр екенін атап өтті.

Әлемде су көлігі ең үлкен сұранысқа ие. Жаһандағы жүк айналымының 60%-дан астамы және бүкіл сауданың 80%-ы осы су көлігіне тиесілі. Қазақстанның мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Сондықтан біз барлық көлік түрін дамытып келеміз.

Оның үстіне, жаһандық геосаяси жағдайларға және дәстүрлі сауда жолдарының үзіліп қалуына байланысты балама маршруттарды іздеу қажеттілігі туындап отыр. Транскаспий халықаралық көлік маршруты – осының нақты мысалы, - деді Үкімет басшысы.

Премьердің дерегінше, биыл 11 айда Қазақстандағы теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі былтырғымен салыстырғанда 10% өсіп, шамамен 6,5 млн тонна болған.

Бұған дейін Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев Ресей мен Беларусь арқылы жүк тасымалдау қиындағанын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама