×

Ресей мен Беларусь арқылы жүк тасымалдау қиындады: Қазақстан балама жол іздеуге мәжбүр

Қазақстанның жүк көліктері Батыс елдеріне жете алмай жатыр

 Дәурен Ерболат 05.12.2023 | 11:06
Сәтжан Аблалиев, фото: Ukimet

Ресей мен Беларуське салынған санкция Қазақстанның жүк тасымалына әсер ете бастаған. Бұл туралы Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Былтыр осы бағыттарда қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 13%-ға өсіп, 48%-ға жетті. Бұл Қазақстан экономикасына шамамен 80 млрд теңге қосымша түсім әкелді, - деді министрдің орынбасары Үкімет отырысында.

Алайда Ресей мен Беларуське салынған санкция салаға салқынын тигізіп отыр екен.

«Бүгінде Беларусь пен Еуропа елдері арасындағы орналасқан 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық 8 өткізу пункті жабылды. Беларусь тарапының ақпараты бойынша еуропалық пунктер жалпы қуатының 40%-мен ғана жұмыс істеп тұр.

Бұл жағдай қазақстандық автокөліктердің Беларусь және Литва, Латвия шекараларында ұзақ мерзім тұруына әкеліп соғып отыр», - деді Сәтжан Аблалиев.

Вице-министр бұл мәселені шешудің жолдарын айтты.

Сондықтан жүктерді Еуропаға жеткізудің балама жолы ретінде Түрікменстан мен Иран елдерімен еркін транзитті қамтамасыз ету үшін келіссөздер жүргіздік. Бұл бағыттағы жүк тасымалының құны мен жеткізу мерзімінің артатынын атап өткен жөн.

Алайда аталған бағыт санкциялық жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ Еуропа елдері Ресей мен Беларусьтегі шекараны жауып тастаған жағдайда бірден-бір балама маршрут болып саналады, - деді министрдің орынбасары.

Вице-министр осындай кедергілерге қарамастан Қазақстанның жүк тасымалында өсім барын атап өтті.

«Елімізде алыс шетелге жүк тасымалдайтын 300 отандық компанияның 7 600 көлігі бар. Тасымал үкіметаралық келісімдер шеңберінде 42 елмен іске асырылады. Олардың негізінде жыл сайын 170 мыңға жуық рұқсат беру бланкісі алмастырылады. Биыл 9 айда жүк тасымалы 5,5 млн тонна болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22% артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі – 42%. Транзинттік тасымалдарда оң үрдіс байқалып отыр. Былтырмен салыстырғанда өсім 44 пайыз деңгейінде. Негізгі жүк көлемі Қытайға тиесілі және ол соңғы жылдары 2 есе өсімді көрсетті», - деді Сәтжан Аблалиев.

Сараптамалық деректерге сәйкес, жыл сайын Қытайдан Еуропаға теңіз жолымен 1 млрд 600 млн тоннаға дейін жүк тасымалданады.

Қазақстан арқылы автокөлікпен тасымалданатын транзинттік жүк көлемі 1 пайыздан аспайды. Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізілуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің Қазақстан арқылы транзинтпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар. Алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемі артады деп болжанып отыр, - деді вице-министр.

Министрдің орынбасары алдағы жылдары Қытаймен жүк тасымалы артып, бюджетке қомақты қаржы түседі деген болжам барын жеткізді.

«2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі 5 есе артады деген болжам бар. Бұған биыл енгізілген Қытаймен визасыз режим, Қазақстан мен Қытай аумағы арқылы өтетін еркін транзитке мүмкіндік берген жаңа келісім ықпал етеді.

Бұдан басқа Қытай тарапы «TIR-Carnet» еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің мүшесі болып қабылданды. Ол кедендік тексерусіз транзиттік жол жүруге мүмкіндік береді. Қытай транзиті 3 есе артады деп болжанып отыр. Бұл жыл сайын Қазақстан экономикасына 263 млрд теңгеге жуық түсуді қамтамасыз ете алады», - деп сөзін түйіндеді Сәтжан Аблалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама