×

Қарағандыда әкімдік құны 150 млн теңгеден асатын жер учаскелерін заңсыз берген

14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

 Динара Амантай 12.12.2023 | 14:48
Фото: gov.kz

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы коммерциялық мақсатта жер беру кезінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қарағанды қаласының әкімдігі «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 62-1-бабын бұза отырып, бағалау рәсімін жүргізусіз бұрын алынған жер учаскелерінің орнына тұрғын емес үй-жайлары бар көппәтерлі тұрғын үй салу және оны одан әрі пайдалануға беру үшін коммерциялық мақсатқа 14 жер учаскесін берген.

Прокуратураның наразылығы бойынша қала әкімдігі жоғарыда аталған қаулының күшін жою туралы талаптарды толық көлемде қанағаттандырып, құны 158 млн теңге болатын 4 гектар коммерциялық мақсаттағы 14 жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

Басқа жағдайда Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан коммерциялық жерлерді анықтады. Жер кодексінің 92-бабына сәйкес, құрылысқа арналған жер учаскесі мақсаты бойынша пайдаланылмаса, онда мұндай жер учаскесі мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

Ірі кәсіпкерлердің бірі 2018 жылдан бастап жалпы ауданы 32 гектар болатын 6 коммерциялық жер учаскесін игеруге байланысты шаралар қабылдамаған.

Қадағалау актісі бойынша кадастрлық құны 1,1 млрд теңге болатын осы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды, – делінген хабарламада.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама