×

Көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыру маңызды – Мәжіліс төрағасы

Жиында бірқатар заңға өзгеріс енгізу ұсынылды

 Дәурен Ерболат 08.12.2023 | 17:50
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Бурабайда  AMANAT партиясы әйелдер қанатының I отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақмола облысында өткен жиынға 100-ден аса белсенді әйел қатысты. Олар әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдердің рөлін талқылады.

Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасылық құндылықты нығайту мәселесі президенттің назарында екенін атап өтті.

Әйелдер қанаты өз жұмысын бастағаннан кейін гендерлік мәселелер биік мінберден жиі айтыла бастайды. Біз белсенді әйелдердің басын қосып қана қоймай, шешім қабылдауға және жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыруымыз керек. Қазірдің өзінде партиямыздың қатарында жауапты жұмысқа, оның ішінде депутат, әкім лауазымдарына дайын әйелдер өте көп, – деді ол.

Тараздан келген делегат, «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаты Анар Бексұлтанова әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың маңызына тоқталды.

 Біз бірлесіп бизнесті ғана емес, сонымен қатар, кез келген қиындықты жеңіп шығуға дайын күшті, шешімді әйелдер қауымдастығын құрамыз. Менің тігін шеберханамдағы әр тігіс инклюзивті болашаққа жасалған қадам саналады. Онда әрбір адам физикалық ерекшелігіне қарамастан қоғамға өз үлесін қосып, шығармашылығын шыңдай алады, – деді ол.

AMANAT партиясының хатшысы Шолпан Каринова іс-шара модераторы болды. Жиынға қатысушылар бірқатар бастама көтерді.

Атап айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және ассоциалдық құбылыстардың алдын алу мәселелері бойынша облыс әкімдерінің тұрақты тыңдауын өткізу, әйелдерді скринингтен өткізу және олардың денсаулығын қадағалау үшін «Әйел саулығы – дені сау ұрпақ кепілі» жаңа жобасын іске қосу сынды ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья QazScience – AMANAT fest халықаралық ғылым фестивалін өткізуді ұсынды.

Әйелдер қанатының тең төрағасы Зарема Шаукенова жаңа этикалық Кодекс пен «Психологиялық қызмет туралы» заңды әзірлеу жөнінде бастама көтерді.

Сондай-ақ депутат Жұлдыз Сүлейменова өз сөзін әйел көшбасшыларды даярлау әдісіне арнады. Ал оның әріптесі Юлия Кучинская – харассмент, гендерлік бюджет және гендерлік сараптама мәселелері бойынша заңдарға түзетулер енгізуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама