×

Футзал: Қазақстан әлем чемпионатына жолдамаға таласады

 Астанаға Нидерланд құрамасы келеді

 Дастан Жұмабекұлы 08.12.2023 | 14:49
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

14 желтоқсанда Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 2024 жылғы футзалдан әлем чемпионатының элиталық іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Нидерланд құрамаларының  матчы болады. Матч сағат 20:30-да басталады. Ойынды тікелей эфирден QAZSPORT телеарнасы көрсетеді.

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобында ойнап жатыр. Қазір футзалдан еліміздің бас командасы төрт ойыннан кейін 12 ұпаймен көш бастап келеді. Ал қоржынында 1 ұпайы бар Нидерланд құрамасы 4-орында тұр.

Екі құрама бұған дейін екі рет кездесіп, екі ойында да Қазақстан құрамасы жеңді. Алғаш рет 2019 жылы Румынияның Пьятра-Нямц қаласында болған матчта еліміздің құрамасы қарсыласын 5:0 есебімен жеңсе, биылғы іріктеу турнирінде сырт алаңда Нидерландтан 2:0 есебімен басым түсті.

Екі құраманың да Еуропа және әлемдік рейтингтегі орындарында алшақтық бар. Қазақстан Еуропа рейтингінде 4-орында, әлемдік рейтингте 7-орында болса, «Қызғалдақтар елінің» командасы қарт құрлықтың тізімінде 18-орында, әлемдік рейтингте 34-орында келеді.

Енді осы матчта Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, келесі жылы болатын әлем чемпионатына жолдама алады. Ал мундиаль 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында болады.

Футзалдан әлем чемпионаты элиталы турнирі 20 желтоқсанда аяқталады. 14 және 20 желтоқсанда әлем чемпионатына  қатысатын 7 команданың бесеуі анықталады.

Элиталы раундтағы бес топтың жеңімпаздары әлемдік додаға тікелей жолдама алады. Ал 2-орын алған төрт үздік команда плей-офф матчтарында ойнайды. Олардың жеребесі 2024 жылы 25 қаңтарда тартылады. Ал ӘЧ жолдамасы үшін қалған екі матч 2024 жылдың 8-17 сәуіріне жоспарланған.

2024 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі. Элиталы кезең. «A» тобы.

Ойын нәтижелері:

15 қыркүйек: Нидерланд – Қазақстан 0:2

15 қыркүйек: Румыния – Әзербайжан 3:1

20 қыркүйек: Қазақстан – Румыния 4:3

20 қыркүйек: Әзербайжан – Нидерланд 6:1

6 қазан: Румыния – Нидерланд 2:1

6 қазан: Әзербайжан – Қазақстан 2:4

10 қазан: Нидерланд – Румыния 1:1

11 қазан: Қазақстан – Әзербайжан 3:2

Қалған матчтардың кестесі:

14 желтоқсан: Қазақстан – Нидерланд

15 желтоқсан: Әзербайжан – Румыния

20 желтоқсан: Румыния –  Қазақстан

20 желтоқсан: Нидерланд –  Әзербайжан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама