×

Назарбаев университетінің мәртебесі мен бағыты өзгермейді – Саясат Нұрбек

Университеттің жоғары қамқоршылық кеңесін премьер-министр басқарады

 Дәурен Ерболат 05.12.2023 | 14:16
фото: Wikipedia

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетінің мәртебесі өзгермейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында журналистердің бірі министрге «Назарбаев университеті ерекше мәртебесінен айырыла ма?» деп сұрақ қойды.

Министр Назарбаев университетінің статусы «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы бөлек заңмен айқындалатынын еске салды.

«Біз бұл заңды алып тастамаймыз және өзгертпейміз. Біздің міндетіміз – осы университеттің әлеуетін сақтап қалу. Бұл аз ғана толыққанды зерттеу университеттерінің бірі. Бүгінде университет төңірегінде оқу құны туралы өте көп қауесет тарап жатыр. Шын мәнінде олардың бәрі шындыққа жанаспайтынына сендіргім келеді. Бұл – өте мықты зерттеу университеті. Сондықтан оның мәртебесіне қатысты өзгеріс болмайды», - деді министр.

Ведомство басшысы заңға өзгерістер енгізіліп, қамқоршылық кеңесі және жоғары қамқоршылық кеңесі құрылғанын айтты. Премьер-министр Әлихан Смайылов университеттің жоғары қамқоршылық кеңесін басқарады.

Қазір қаржылық сауықтыру, зерттеу әлеуетін күшейту бойынша шаралар қабылданады. Себебі, университетте керемет база, инфрақұрылым, зертханалар бар. Енді мұны толық пайдалану қажет. Сондықтан қандай да бір түзету шаралары міндетті түрде болады. Бірақ жалпы университеттің статусы мен бағытын өзгертпейміз, - деп сөзін түйіндеді Саясат Нұрбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама