×

Air Astana әуекомпаниясына 876 млн теңгеден аса айыппұл салынды

Жолаушылардан жанармай алымын негізсіз алып отырған

 Динара Амантай 04.12.2023 | 09:29
Фото: inbusiness.kz

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура органдары Эйр Астанаға қатысты бірлесіп жүргізген тексеру аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тексеру қорытындысы бойынша Эйр Астана әуекомпаниясы Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жанармай алымын негізсіз қолдануда көрсетілген үстем/монополиялық ережені теріс пайдаланғаны үшін 876 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Эйр Астана жолаушылардың барлық санаттарынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды.

Анықтама үшін: отын алымы тасымалдауға арналған тарифтің қолданылу кезеңінде авиаотынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында ғана алынуы мүмкін. Оны есептеу кезінде бұл өсімді ескеру мүмкін болмады.

Эйр Астана әуекомпаниясы мен агенттік арасында ішкі бағыттар бойынша монополиялық/үстем бағыттардағы бағаны тежеуге бағытталған, атап айтқанда төмендегі міндеттерді көздейтін монополияға қарсы комплаенс жасалды:

  • біріншіден, 2023 жылғы 6 желтоқсаннан бастап жанармайға қосымша ақы қолдануды алып тастау (ұшу күніне қарамастан 2023 жылғы 6 желтоқсанға дейін жанармайға үстемақы төленіп, сатылған билеттерге қолданылмайды). Мәселен, Астана – Алматы бағытындағы билеттің орташа бағасы ағымдағы бағаның орнына 28 мың 435 теңгеден 24 мың 435 теңге болады (бағаның төмендеуі – 14%), Алматы – Ақтау бағытында орташа баға қазіргі 37 мың 568 теңгенің орнына 31 мың 78 теңге болды (бағаның төмендеуі – 17%);
  • екіншіден, 2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды авиатасымалдау қызметтерінің бағасын көтеруді шектеу;
  • үшіншіден, биыл және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін AirAstana орташа және төмен бағамен сатылатын билеттерінің саны 70%-дан (яғни, Y, B, H брондау класының тарифтері бойынша тек 30%) төмен болмауға тиіс.

Сондай-ақ агенттік мына жүйелі шараларға бастамашылық жасайды:

  • агенттіктің бастамасымен Көлік министрлігі «ауа еркіндігінің» 5-дәрежесіне қолжетімділікті кеңейту мақсатында шетелдік тасымалдаушылардың отандық әуекомпаниялармен қатар жекелеген әуежайларда маршруттар бойынша ұшуларды іске асыру мүмкіндігін кеңейтетін шаралар қабылдады. Бұл шетелдік әуекомпаниялардың келуін ынталандыруға мүмкіндік беріп, бәсекелестікке оң әсер етеді және тұтынушылардың таңдауын арттырады;
  • агенттік жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама