×

ҚТЖ лауазымды қызметкерлері кәсіпкерге 2 млрд теңгенің жобасын іске асыруға кедергі келтірген

Ұлттық оператордың заңсыз әрекеттері құрылыс материалдарының құнын арттыруға ықпал етеді

 Динара Амантай 01.12.2023 | 15:39
Фото: railways.kz

Павлодарда 7 ай бойы заңды жауап ала алмаған отандық инвестордың құқығы қорғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Прокуратура қызметкерлерінің мәліметінше, кәсіпкер Екібастұз қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық инвестициялық жоба шеңберінде 2 млрд теңгеден астам қаржыға аймақта ірі логистикалық және құрылыс орталықтарын салуды жоспарлаған. Кәсіпкерге жобаларды одан әрі толыққанды дамыту үшін кірме жол қажет болды.

Алайда «ҚТЖ» ҰК» АҚ және оның филиалдарының жекелеген лауазымды қызметкерлері инвесторға оның құрылысына рұқсатты келісуден бас тартқан. Ал 2023 жылдың қазанында шағын бизнеске өз қаражаты есебінен ұлттық тасымалдаушының қажеттіліктері үшін қосымша жаңа темір жол төсемін салуды талап ететін техникалық шарттарды берген, – делінген хабарламада.

Айта кету керек, бұдан бұрын «ҚТЖ» ҰК» АҚ ұқсас жағдайда осы өңірдегі 3 кәсіпкерге темір жолдарға жанасу үшін техникалық шарттардың қажеттілігі жоқ екенін түсіндірген. Барлық жағдайда берілген жауаптарға бір басшы қол қойған.  

Көлік прокуратурасының араласуынан кейін ғана ұлттық компанияның ойдан шығарылған әкімшілік кедергісі жойылды. Кәсіпкердің алдына қойылған талаптар кері қайтарылды.

Прокуратура актісі бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма басшылығымен техникалық шарттарды алу кезінде қосарланған стандарттарға жол берген лауазымды қызметкерлердің кінәлілік дәрежесі және жауапкершілік түрі қарастырылып жатыр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, магистральдық желі операторының мұндай заңсыз әрекеттері құрылыс материалдарының құнын арттыруға ықпал етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама