×

2024 жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялау ұсынылды

Барлық университте харассментке қатысты анонимді сауалнама жүргізу қажет

 Дәурен Ерболат 30.11.2023 | 17:55
Қарақат Әбден. Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Келесі жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялау керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады. Оның пікірінше, бүгінде отбасындағы зорлық-зомбылық кезек күттірмей шешетін мәселеге айналған.

Елді елең еткізген соңғы хабарлар қоғамдық сананы дүр сілкіндірді. Осы қорқынышты жаңалықтар ізімен харассмент оқиғалары да тез тарады. Жақында Астана медицина университетінде профессор-оқытушының студентке жасаған жыныстық қысым фактісі анықталды. Осыдан кейін әлімжеттік көрген студенттер өз оқиғаларын әлеуметтік желіде жариялай бастады. Жеке өзіме әртүрлі оқу орындарының студенттерінен 100-ден аса хат түсті, - деді Қарақат Әбден.

Ол жыныстық қысымға ұшыраған бойжеткеннің ісімен жеке танысқанын атап өтті.

«Бүгін Қазақстандағы оқу орындарында қанша харассмент оқиғасы болғанын дөп басып айту қиын. Өйткені, статистика жүргізілмейді. Ал заңда харассмент ұғымы атымен жоқ. Жалпы зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын, яғни харассментті де қатаң қарап, заң жобасына бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізу керек. Бұл жолы студент қызымыз батыл болып шықты. Еш қорықпастан болған жағдайды жайып салды. Тиісті шешім қабылданып, әлгі харассер жұмыстан шығарылды. Алайда біз мұндай мәселені әрқашан студенттің – батылдығына, басшының – әділдігіне сеніп қоя алмаймыз. Жүйелі, кешенді шешімдер керек», - деді депутат.

Қарақат Әбден барлық универсетте харассментке қатысты анонимді тәуелсіз сауалнаманы өткізуді және харассмент туралы нақты ережелер енгізуді сұрады.

Бас прокуратураның дерегінше, биыл 10 айда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан 85 әйел қаза тапты. Бұл – қорқынышты статистика. Харасмент те зорлық-зомбылықтың бір түрі. Айтылған ойымды қорытындылай келе, 2024 жылды зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жылы деп жариялауды ұсынамын, - деп сөзін түйіндеді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама