×

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы тағы бір пысықталды

Алдағы нақты жоба-жоспарлар таныстырылды

 Динара Амантай 28.11.2023 | 14:56
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Елордада келер жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысы талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni.

Жиынға Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті – бас хатшысы Тастанбек Есентаев, Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов, сондай-ақ Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының президенттері, өңірлік спорт басқармаларының басшылары, аймақтардағы ұлттық спорт мектептері мен клубтарының басшылары және «Қазспортинвест» АҚ мамандары қатысты.

Басқосуда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызы жан-жақты сараланып, түрлі ұсыныстар айтылды. Талқылау барысында сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті – бас хатшысы Тастанбек Есентаев қауымдастықтың атқарған жұмыстарына тоқталып, алдағы нақты жоба-жоспарларымен таныстырды.

Қазақтың ұлттық ойындары – халқымыздың рухани құндылығы, ғасырлар бойы ата-баба өмірінің ажырамас бөлігіне айналған асыл мұра және бізге аманат. Қауымдастық келер жылғы Бүкілдүниежүзілік шараға қызу дайындықты бастап кетті. Сонымен қатар, ұлттық спорттың дамуына терең сараптама жасалып, жеке-жеке республикалық федерациялармен институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізуді қолға алдық, – деді Тастанбек Есентаев.

Бас хатшы қауымдастықтың «Science RESEARH OF NOMAD SPORT» жалпы атауымен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдердегі ұлттық спорт түрлері: жағдайы мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция жобасын дайындағанын жеткізді. Ал бұл жоба «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – 2024» ғылыми іс-шаралар бағдарламасына енгізілмек. Сондай-ақ ұлттық спорт саласындағы кадрлар даярлау мәселесін шешу үшін жоғары білім беру бағыты бойынша екі білім беру бағдарламасы дайындалған. Келесі жылы «Спорттық жылқы шаруашылығындағы ветеринария» және «Ат спорты түрлері бойынша жаттықтырушы» бағыттарынан екі жетекші жоғары оқу орындарында кадр даярлау жұмыстары жолға қойылады.

Жиын соңында қатысушылар кезек күттірмейтін маңызды мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын пысықтады.

Айта кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына «Теңге ілу», «Садақ ату», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік» және «Асық ату» спорт түрлері бойынша 9 ұлттық спорт түрінен республикалық федерация кіреді. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті – кәсіпкер, белгілі меценат Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама