×

Алматыда шенеуніктер 7 млрд теңгенің инвестициялық жобасына рұқсат бермеген

Инвестор аудан әкімдіктеріне де бірнеше рет хабарласып, мәселені шеше алмаған

 Дастан Жұмабекұлы 27.11.2023 | 09:40
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласының прокуратурасы қала әкімдігінің Damiani ЖШС логистикалық орталығына 7 млрд теңгенің инвестициялық жобасына рұқсат бермегенін анықтады, деп хабарлады ведомство.

Компания жылумен қамтамасыз ету үшін газ құбырын бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін инженерлік желілерді салғысы келген. Инвестор аудан әкімдіктеріне де бірнеше рет хабарласып, инженерлік желілерді салуға рұқсат сұраған. Алайда Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы, қалалық жоспарлау және урбанистика бақармасы мен қаланың аудан әкімдіктері кәсіпкерлердің инвестициялық жобасына кедергі келтірген. Осыдан кейін прокуратура Damiani ЖШС-ның шағымын қарап, аудан әкімінің орынбасары, қалалық жоспарлау және урбанистика мен қала құрылысын бақылау басқармалары басшыларымен кездесіп, проблеманы шешіп берген.

Алматы қаласы прокуратурасының хабарлауынша, қалада инвесторлардың жұмысына кедергі келтіретін мекемелер көп. Сондықтан прокуратура кәсіпкерлерге істері алға жүрмей жатса, құзырлы органның қызметкеріне хабарласып, прокуратураның кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі Call-орталығынан (байланыс нөмірі +77017755500) немесе Алматы қаласы прокуратурасының фронт-кеңсесінен (Желтоқсан көшесі, 189) құқықтық кеңес алуға болатынын ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама