×

Астаналық жолаушы көліктен 9 млн теңгесі бар сөмкені ұрлап кеткен

Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 23.11.2023 | 14:14
Фото: polisia.kz

Астаналық жолаушы көліктен 9 млн теңгесі бар сөмкені ұрлап кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Нұра аудандық ПБ-ға жеке такси жүргізушісі жүгініп, 9 млн теңгесі бар сөмкенің жоғалғаны туралы хабарлаған. Ер адамның айтуынша, ол адамдарды тасу арқылы қосымша ақша табу үшін досының Toyota Camry автокөлігін алып отырған. Әдеттегідей көлікті алып, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын күні ол досы ұмытып кеткен, ішінде ақшасы бар рюкзактың салонда жатқанын білмеген. Бір түнде такси салонына 17 адамның отырғаны анықталды.

Қиын әрі мұқият жұмыс барысында полицейлер жолаушыларды жеткізген барлық мекенжайларды анықтады. Бейнекамераларды қарау барысында қолына жоғалған сөмкені ұстаған ер адам табылды. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде полиция қызметкерлері 30 жастағы жолаушыны анықтады. Ол түнде такси салонында жолаушылар орындығынан рюкзакты көріп қалған. Керек мекенжайға жеткенде, күдікті өзімен бірге бөтеннің мүлкін алып кеткен, – делінген хабарламада.

Қазір жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама