×

«Ұйықтап жатқанда көтеріп әкеткен»: Алматы облысында 9 жасар қыз зорланды

Күдіктінің әлі кім екені белгілі 

 Халық үні 21.11.2023 | 20:48

Алматы облысының Сауыншы ауылында зәбір көрген 9 жасар қыздың анасы сұмдықтың қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Телеарнаның хабарлауынша, әлдекім таңға жуық жеткіншекті алып қашып, даладағы жуынатын жерде жәбір көрсеткен. Қаскөй әлі құрықталмады. Кім екені де белгісіз. Бірақ осы оқиғадан кейін өре түрегелген Сауыншы халқы қаршадай қызды қорлаған ер адамның алыстан келмегеніне сенімді. Оған себеп те бар. Сұмдық осы айдың 12-сі Сауыншы ауылында болған.

Болжам бойынша, бетіне бетперде тағып қап-қара киінген ер адам осы үйдегі қызды ұйықтап жатқан жерінен көтеріп алып кетеді. Жуынатын жерге кіргізіп, ойына келгенін істеген.

Құшағынан құтылып шыққан қыз үйіне қарай қашып үлгеріпті. Сөйтіп шырт ұйқыда жатқан анасына алды қанжоса болып келген.

Таңғы бесте келіп оятып тұр. «Мені бір аға алып қашып кетті» деп. Ішіне зақым келген, жарылып кеткен деді. Негізінде мен түнде есіктерді өзім жабамын. Өзі шығып кетті деп ойлаймын. Өйткені мен білемін ғой, анық-қанығын. Өзім жаптым есікті түнде, дейді анасы. 

Зәбір көрген қыз отбасындағы ортаншы бала. Анасы әжесімен бірге үш баланы өздері бағып-қағып отыр. Сауыншы ауылына осыдан 4-5 жыл бұрын көшіп келіпті. Сөздерінше, қорлық көрсеткен ер адам сырттан келген. Алайда осы оқиғадан кейін өре түрегелген ауыл тұрғындары мүлде басқа пікірде.

Күдіктенемін, өздерінің ішінен деп ойлаймын. Себебі, мені өздерінің туысқандарының ішінен қатты шантаж жасады. Егер тілшілерді шақыратын болсаңыз, «үйтіп кетем, бүйтіп кетем» деген шантаж көп болып жатыр. Өзінің үйіне келіп жүрген адам істейді. Басқа адам істемейді. Себебі, оның үйінде сондай нәрселер болды деп көп естідім, дейді көршісі Нұрсұлу Өсерова.

«Үйіне ұсталары келеді. Ішеді анда-санда. Әжесі ішеді. Сол күні таңертең әжесі кірді «осындай жағдай болды бізде» деп. Сосын мен де айттым «біздің дәлізде біреу темекі шегіпті» деп. Дәлізімнің есігі ілінбейді. Кіріп, темекісін шегіп кеткен», - дейді көршісі Нарғыз Момбекова.

Шу шығарған тұрғындар ерсі қылық танытқан ер адамның әлі күнге дейін неліктен ұсталмай жатқанын түсінбей отыр. Жұрт полицейлерге қапалы. 

Сол күні полиция екі күн ғана келді. Одан кейін келген де жоқ, сұраған да жоқ, іздеген де жоқ. Қазір қыз, ұл деп қарап жатқан жоқ. Соның бәріне заң шығарсын. Әлде міндетті түрде министрдің, басшының қыздары зорлануы керек пе? Бұл деген сұмдық? - дейді Айжұлдыз Күзібаева.

Балаларымызды көшеге, дүкенге жібере алмай қалдық қой. Қаршадай қызды қорлаған кім? Әлде жеткіншек өз-өзін жарақаттауы мүмкін бе? Нақты не болғанын білу үшін геномдық сараптама тағайындалған. Қорытындысы әлі шықпады. Сондықтан күдікті де әзірге жоқ дейді полицейлер.

12 қараша күні Қарасай ауданы ПБ-ға Сауыншы ауылының 32 жастағы тұрғыны сол күні таңғы сағат бесте жас қызына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған белгісіз адамға қатысты шара қабылдау туралы арызданды. Аталған дерек ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Қазір қылмыстың барлық мән-жайы тергеуде, оның жан-жақтылығын, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында сараптама, тексерулер тағайындаумен тергеу жүріп жатыр, дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Бәзбіреудің анайы әрекетінен кейін 4-сынып оқушысы бір апта ауруханада жатқан. Қазір үйінде. Жағдайы оңалыпты. Енді анасы да, ауыл тұрғындары да полицейлерден қаскөйдің тездетіп құрықталуын талап етіп отыр. Балаларына алаңдаған жұрт күдікті ұсталғанға дейін тәртіп сақшыларының күн-түнге қарамай ауылды күзетуін сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама