×

Өндіріс орындарындағы оқиғаларға қатысты 114 қылмыстық іс қозғалды

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттары енгізілді

 Динара Амантай 21.11.2023 | 16:19
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Төлеген Оспанқұлов еліміздегі қауіпсіз еңбек жағдайлары және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмысшыларға жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану) береді. Мәселен, 2022 жылы еліміз бойынша 680 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 207 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 29% артық, – деп хабарлады ЕӘҚК төрағасы.

Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 20%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, осы жылдың 10 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша бұзушылықтардың 2 мың 94 фактісін анықтады.

Жазатайым оқиғалардың себептері әртүрлі. Олар жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарасынан туындайды.

2023 жылдың 10 айында құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 797 материал жіберілді. Олар бойынша 114 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді бас мемлекеттік еңбек инспекторы.

Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 3 мың 211 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама