×

Euro-2024: Қазақстан құрамасы Словениядан жеңілді

Қазақстан қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді

 Халық үні 21.11.2023 | 07:12
Фото: instagram.com/kff_team/

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Словения командасына есе жіберді. 

Ұлттық құрама сапында жарақатына байланысты Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев, Бахтиёр Зайнутдинов ойнаған жоқ.

Бас жаттықтырушы Магомед Адиев алғашқы минуттан Шацкий, Вороговский, Әліп, Марочкин, Малый, Быстров, Оразов, Қуат, Бейсебеков, Чесноков пен Самородовты алаңға шығарды.

Алғашқы минуттан словениялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Десе де оған қазақстандық құрама лайықты қарсылық көрсете білді.

Ойынның 41-минутында Игорь Шацкийдің қақпасына белгіленген пенальтиден словениялық Беньямин Шешко мүлт кеткен жоқ.

Ал 47-минутта Рамазан Оразов таразы басын теңестірді. Бұдан кейін ұлттық құрама бірнеше шабуыл ұйымдастырды.

Ойынның 86-минутында словениялық Беньямин Вербич қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша Қазақстан қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді. Құрлықтық доданың финалдық сатысына Словения құрамасы жолдама алды.

Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде ұлттық құрама  Дания (3:2) мен Финляндия (1:0) командаларын бір мәрте жеңсе, Cолтүстік Ирландия (1:0, 1:0) мен Сан-Марино (3:0, 3:1) құрамаларынан екі рет басым түсті.

Ал Дания (1:3), Словения (1:2), Финляндияға (0:1) есе жіберді.

Енді Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатына Ұлттар лигасы арқылы шығуына мүмкіндігі бар. Келесі ойын 2024 жылдың наурыз айында Грекиямен болады.

Қазақстан Еурододаның іріктеу сатысында бесінші рет бақ сынап отыр. 2008, 2012 жылдарда  өз тобында алтыншы, 2016, 2020 жылдарда бесінші орын алды.

Қазірге дейін құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шықты. Ал Германия ұйымдастырушы ел ретінде іріктеусіз қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама