×

«Білім-инновация» лицейлеріне 30 жыл: ұстаздар мен білім саласына үлес қосқан азаматтар марапатталды

Шараға ұлт зиялылары, оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ардагер ұстаздар жəне ата-аналар қатысты

 Гүлбаршын Нұрхан 17.11.2023 | 20:42
фото: Halyq Uni

«Білім-инновация» лицейлерінің 30 жылдық тарихының жеткен жетістігі мен алар асуына арналған есептік кеші «Тағылымға толы, олжалы 30 жыл» атауымен елордада салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Halyq Uni. 

Шарада ұлт зиялылары, оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ардагер ұстаздар жəне ата-аналардың қатысуымен марапаттау рəсімін өткізді. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев шараға қатысып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді. 

Құрметті «Білім-инновация» лицейінің ұжымы, қадірлі ұстаздар, баршаңызды «Білім-инновация» лицейлерінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға. Сіздер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның орта білім саласын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне зор үлес қосып келесіздер. Оқу орындары, озық бағдардамалар мен тәжірибелерді басшылыққа алып, жастарға сапалы білім беру, оқушылар арасында республикалық және халықаралық олимпиадаларда талай мәрте топ жарып, үздіктер қатарынан көрінуі осының айқын дәлелі. Лицейлер заман талабына сай жаңаша білім алған цифрлық сауаты жоғары және шет тілдерін еркін меңгерген шәкірттердің тұтас шоғырын қалыптастырғаны сөзсіз. Түлектеріңіз еліміздегі және әлемдегі беделді жоғары оқу орнындарында білімін ұштап, әр салада табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда, ұстаздар қауымына және барша ұжымға шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңізге жүктелген абыройлы міндетті әрдайым мінсіз атқарып, еліміздің ертеңі үшін аянбай еңбек ете бересіздер деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін», - делінген мемлекет басшысының құттықтау хатында. 

Сондай-ақ Ғани Бейсенбаев премьер-министр Әлихан Смайыловтың, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың құттықтау хаттарын «Білім- Инновация» қоғамдық қорының президенті Дархан Өтеге табыс етті. 

Оқу-ағарту министрі министрлік атынан құттықтап, «Білім-инновация» лицейлерінің бес бірдей ғимаратының құрылысына мемлекеттен қаржы бөлінгенін жеткізді. 

Өздеріңіз білетіндей, президенттің тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы аясында республикада апаттық және үш ауысымдық мектептің мәселесін шешу үшін құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, қор басшысы Дархан мырзамен ақылдаса отырып біздің «Білім-Инновация» лицейіне де жаңа, жақсы ғимараттар қажет екендігі жайында және кейбір мектерге реновация жасау туралы пікірлескен болатынбыз. Президенттің арнайы тапсырмасы болғандықтан, биыл «Білім-инновация» лицейінің бес мектебінің құрылыстарына тиісті қаржы бөлдік, - деді министр Ғани Бейсембаев.

Оқу-ағарту министрі оқу ордасында қызмет етіп жүрген ұстаздарды премьер-министр Әлихан Смайыловтың алғыс хатымен және төсбелгілермен марапаттады. 

Одан бөлек сенат депутаты Бибігүл Жексенбай сөз сөйлеп, ұстаздарға оқу ордасының 30 жылдығына арналған медальды табыс етті. 

Қор басшысы Дархан Өте алдағы уақытта жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында сапалы білім мен саналы тәрбие беруді жалғастыра отырып, ел ертеңі үшін бірігіп еңбек ететінін жеткізді. 

«Бүгін баршамыз үшін айтулы оқиға. Осы 30 жыл ішінде лицейлеріміз оқудың, ізденістің, өсудің, дамудың үлгісіне, яғни сапалы білім мен саналы тәрбие берудің үлкен қауымдастығына айналды. Бүгінгі күні ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, заманауи білімді игеріп жүрген шәкірттеріміз үшін бұл мектептер білім мен сүйіспеншіліктің тоғысқан мекені болып отыр. Әрбір шәкіртіміздің қол жеткізген жетістіктеріне біз ата-аналармен бірге қуандық. Осы оқушыларымыздың інденімпаздығы білімге деген құштарлығы бізді шабыттандырып, күш-жігеріміздің қайнар көзіне айналып отыр. Түлектеріміз мықты маманға айналып, еліміздің дамуына жан-жақты үлес қосып жүр. Лицейлеріміздің тарихы олжаға толы. Келешекте күтеріміз одан да зор. Алдағы уақытта жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында сапалы білім мен саналы тәрбие беруді жалғастыра отырып, ел ертеңі үшін бірігіп еңбек ете берейік», - деді Дархан Өте. 

Қор басшысы Дархан Өте ел ағалары мен «Білім-инновация» қорының қолдаушыларына алғыс айтып, сый-сияпаттарын үлестірді. Олардың арасында Мырзатай Жолдасбеков, Асқар Жұмаділдаев, Ғарифолла Есім, Әділ Ахметов сынды тұлғалар болды. 

БИЛ-дің алғашқы құрылтайшыларының бірі, белгілі математик Асқар Жұмаділдаев та құттықтау сөзін сөйледі. 

«Осы қазақ-түрік лицейлерінің еліміздің әр облыстарында ашылған сәтіне мен куәмін. Түрік бауырлардың менеджменті мен қазақ балаларының ақылы бірігіп осындай керемет жеміс берді. Бүкіл олимпиада, жарыстарда қазақты балалары дес бермеді. Осының түбінде қазақ-түрік лицейлерінің оқу ұжымының адал еңбегі тұр», деді Асқар Жұмаділдаев. 

Сөз соңында белгілі математик білім саласына үлес қосқан азаматтарды марапаттап, медаль табыс етті. 

Салтанатты шарада белгілі меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоры төрағасы Исламбек Салжанов сөз сөйлеп, «Жарқын болашақ» олимпиадасына Altyn Qyran Foundation» қоры демеушілік ететінін жеткізді. 

Бүгінгі күні «Білім – инновация» лицейлері озық білім беру технологияларын енгізу алаңына айналды. Соның бірі – «Жарқын болашақ» олимпиадасы жыл сайын 5 мыңға жуық оқушыны қамтып, ана тіліміздің мерейін асырған жобаға айналды. Елімізде келесі жылы да «Жарқын болашақ» олимпиадасы өткелі отыр. Осыған орай «Altyn Qyran Foundation» қоры жобаны өткізуге қаржылай демеушілік ететін болды. Мұны «Білім – инновация» лицейлерінің 30 жылдық мерейтойына біздің арнайы тартуымыз деп қабыл алыңыздар. Қазақстанның орта білімін жаңғыртуға елеулі үлес қосып жүргені үшін «Білім – инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Өте Дархан Ермаханұлына алғыс білдіре отырып, мерейлі 30 жылдығымен құттықтаймын!, - деді Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама