×

Биыл мемлекеттік органдарда 6,7 мың жемқорлық деректері анықталды

Заңнама нормаларын бұзғаны үшін 179 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

 Динара Амантай 17.11.2023 | 14:20
Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік органдар 6,7 мың жемқорлық тәуекелдерін өз бетінше анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау шеңберінде 6,7 мыңға жуық жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оның 3,5 мыңын залалсыздандырған.

Биылғы 9 айда «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» ТББ-4 іске асыру нәтижелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен мемлекеттік органдардың кеңесінде тыңдалды. Осылайша, мемлекеттік органдар квазимемлекеттік сектор субъектілерінде жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен комплаенсті сақтау бойынша осы жылға арналған жобалар картасын іске асыру қорытындыларын шығарды.

Жамбыл облысы бойынша әкімдіктің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының кадр жұмысындағы жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау шеңберінде 2 млн теңгеден астам сомаға тәртіптік жазасы бар қызметкерлерге сыйақы төлеу фактілерін анықтады. Заңсыз төленген қаражат бюджетке қайтарылды.

Ақмола облысының әкімдігі ішкі талдау барысында мүдделер қақтығысы фактісін анықтады. Аудандық әкімдіктердің бірінің аппарат басшысы 2 жыл бойы ЖК-мен бір көзден шарт жасасқан, ал ол басшының жұбайы болған. Осы факті бойынша материалдар тексеру жүргізу үшін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға жіберілді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау» жобасы бойынша жақын туыстарының бірлескен жұмысының 1800-ден астам фактісі, мүдделер қақтығысы болған кезде лауазымдық міндеттерді іске асырудың 122 фактісі, бұрын жемқорлық құқықбұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаудың 12 фактісі, мемлекеттік функцияларды орындаумен сәйкес келмейтін қызметті іске асыратын 10 адам анықталды.

Жалпы, биыл 10 айда жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын бұзғаны үшін 179 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың 73 қызметкері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің 16 қызметкері, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 23 басшысы және 66 жеке тұлға, сондай-ақ 31 мемлекеттік органның басшысы бар. Салынған айыппұл сомасы 54,8 млн теңгеден асады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама