×

Жақсылық Үшкемпіров атындағы мешіт ашылады

Қазақ балуандары арасынан Олимпиада чемпионы атағын алғаш иеленген ол мәңгілік жеңісіне 40 жыл толғанда мәңгілік сапарға аттанды

 Дастан Жұмабекұлы 17.11.2023 | 12:10
Фото: qazaqstan.tv

24 қарашада Алматы облысының Қарсай ауданындағы Жібек жолы ауылында грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Жақсылық Үшкемпіровтің атындағы мешіт ашылады, деп хабарлады Күрес түрлері федерациясы.

Мешіттің мекенжайы: Дүйсеков көшесі, 1.

Жақсылық Үшкемпіровтің толық аты-жөні – Жақсылық Үшкемпірұлы Әмірәлиев. Ол 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысының Свердловск ауданындағы Дихан ауылында туған. 2020 жылы 2 тамызда пандемия кезінде қайтыс болған.

1971 жылы спорт шебері, 1975 жылы халықаралық спорт шебері, 1980 жылы еңбек сіңірген спорт шебері атағын алған. Осы жылы ол грек-рим күресінен жекелеген жарыста қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған.

  • 1978-1979 жылдары екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы;
  • 1981 жылы әлем чемпионы;
  • 1982 жылы Әлем кубогының күміс жүлдегері болды.

Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын да иеленген.

Кілемдегі мансабы аяқталған соң Жақсылық Үшкемпіров еліміздің қоғамдық өміріне етене араласып, қазақстандық балуандардың әлемдік жарыстарға алаңсыз дайындалуына атсалысты. 

Соңғы сұхбаттарының бірінде Жақсылық Үшкемпіров өзінің Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігін қайталайтын қазақ балуандарының жеңісін көріп кетуді армандайтынын айтқан. 

Қазақ балуандары арасынан Олимпиада чемпионы атағын алғаш иеленген ол мәңгілік жеңісіне 40 жыл толғанда мәңгілік сапарға аттанды.

Спорттағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы бар. Оның жанына ескерткіші салынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама