×

Қостанай облысындағы өрт: орман шаруашылығының экс-басшысы сотталды

Ол жұмысына селқос қараған

 Дәурен Ерболат 17.11.2023 | 09:10
Фото: Halyq Uni

Қостанай қаласының №2 сотының үкімімен Басаман орман шаруашылығы мекемесінің бұрынғы басшысы 4,5 жылға сотталды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Бірінші инстанция сотының 4 жылға бас бостандығын шектеу үкімі жойылды. Сот алқасы ағаш дайындаушылардың әрекетіне жұмысшыларды учаскелерге арнайы билетсіз жіберген орман шаруашылығы бөлімінің басшысы жауапты болуға тиіс деп есептеді. Осылайша, жаза Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы («Ауыр зардапқа әкеп соққан лауазымды өкілеттігін теріс пайдалану») бойынша қайта қаралды.

Лауазымды тұлға бола тұра, ол орманда жұмыс жүргізу үшін ағаш кесушілер Т., М., М., Б., Е., А. атты адамдарды өзінің карта шотына ақша аударуды міндеттеді. Ол директор ретінде мемлекеттік ағаш дайындаушылар бригадаларын таратып, орман учаскелерін өзі жасаған жиынтық акт бойынша нақты белгіленген ағаш кесушілерге және тиісті ағаш кесу билеттерін бермей бөлген, - деп жазылған Қостанай қаласы №2 сотының хабарламасында.

Істің барлық мән-жайы айғақтармен, сондай-ақ ақша аударымдардың болуымен (шамамен 15 млн теңге) расталды. Келтірілген шығын 4 млн теңгеден асады.

Заңсыз ағаш кесу фактілері Әулиекөл аудандық сотының сот актілерімен анықталды. Ағаш кесушілердің жауаптары, оның есеп шотына ақша аударымдары және заңды күшіне енген сот актілері Ж.-ның ағаш дайындаушылардан ақша алуы мен ағашты заңсыз кесу арасындағы себеп-салдарлық байланысты растайды, - деп жазылған сотта.

Ормандарды қорғау туралы ережеге және лауазымдық нұсқаулықтарға сәйкес, Ж. орман шаруашылығы басқармасының жұмысын ұйымдастыру және басқарумен қатар, қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуді (ағаш кесу және орман билеттерін беру) ұйымдастырады. Бұрынғы басшы өрт қаупі жоғары кезеңде орманда жұмыс істеуге тыйым салынғанын білгенімен, ағашты заңсыз кесуге жол берген.

Осылайша, өртке қауіпті маусымда ағаш кесушілерге мемлекеттік орман қорында жұмыс жүргізуге рұқсат беріп, мұндай жұмыстарға тыйым салынғанын анық біле тұра, Ж. ағаш кесушілерге артықшылық берді, яғни өзінің қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды, - деп жазылған хабарламада.

Дәлелдер істі қайта саралауға негіз болды. Олар Қылмыстық кодекстің 371-бабы 2-тармағы, 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағына бойынша қаралды.

Сот алқасы жазаның түрі мен мөлшерін тағайындау кезінде сотталған адамның жеке басын, жасалған қылмыстың ауырлығын, жеке және заңды тұлғаларға материалдық зиян келтіру ғана емес, қоршаған ортаға және жануарлар дүниесіне зиян келтіру түріндегі зардаптарды, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауы, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 52 және 55-баптары талабын ескерді, - деп жазылған хабарламада.

Экс-басшы жазасын орташа тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Жәбірленуші – жеке тұлғалар, «Семиозерное орман шаруашылығы мекемесінің» және мемлекет мүддесін көздеп, талап арыз берген прокурор талап арызды қанағаттандыруға хақылы деп танылып, оның сомасы туралы мәселе азаматтық сот ісін жүргізу үшін сотқа жолданды.

Айта кетейік, 2022 жылы Қостанай облысының Әулиекөл ауданында ірі орман өрті болды. Алапат өрт 8 тәуліктен соң сөндірілді. Соның салдарынан жалпы 18 млрд теңгеден асатын 39 мың гектар орман мен орманды емес алқап жойылып кетті.

Сондай-ақ 600 млн теңгеден асатын тұрғын үйлер, шағын кәсіпорындар, құрал-жабдықтар, орман шаруашылығының мүлкі өртенді. Залалдың орнын толтыруға және өртті сөндіруге бюджеттен 2,5 млрд теңге жұмсалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама