×

«Салдарын қарапайым халық тартып отыр»: депутат вице-премьерден көмек сұрады

ҰБТ-ны тапсыру 2 есе қымбаттаған

 Дәурен Ерболат 15.11.2023 | 16:46
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізетін компанияны тексеруді ұсынып, Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеновадан көмек сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу «Тест жүйелерін жетілдіру» деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген.

Бәлкім бұл келісімнің арғы жағында шынымен жақсы ниет болған шығар. Алайда бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Біріншіден, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни 2 есе өсті. Екіншіден, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келген. Мысалы, тест тапсыру – ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып, орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені тестілеу пунктері аяқжетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа бұл тағы бір салмақ болып отыр, - деді Ринат Зайытов.

Депутат компанияның мемлекетке келтірген залалына жеке тоқталды:

  • Біріншіден, 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден аса қаражат U-FUTURE компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Бірақ біздегі ақпарат бойынша қаражатқа сай бағдарламалық қызмет көрсетілмеген.
  • Екіншіден, 15 жыл бойы сараптамадан өткен мыңдаған оқытушының еңбегімен келген, жүздеген млн теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрағы мен тапсырмасы өтеусіз негізде U-FUTURE ұйымына тегін берілген. Аталған компания осы тест тапсырмаларын пайдаланып, педагогтар үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр. Мұны U-FUTURE ЖШС-нің өңірлік тестілеу орталықтарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады.
  • Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Бізге түскен өтініштер мен ақпараттар бойынша, кейбір өңірде 3 млн теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі екен.

Ринат Зайытов бұл мәліметтерді тексеру керек деген ұстанымда.

Құрметті Тамара Қасымқызы, осының барлығын көріп-біле тұра, сіздер неге нақты әрекет жасамайсыздар?! Белгілі бір топтардың қалтасын халық толтырып, уәкілетті органдар олардың зиянды істеріне жол ашып отырғанынан хабардарсыздар ма?! «ҰБТ» деген – Ұлттық біріңғай тестілеу ме, әлде Ұлттың болашағын тоздыру ма? - деді ол.

Осыған байланысты депутат мынадай ұсыныс жасады:

  • Барлық тестілеу жұмысын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беруді қарастыру;
  • Мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көкаттылардың араласуына тыйым салу.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама