×

Биыл жемқорлыққа қатысты 1 мың 500-ге жуық қылмыс тіркелді - Асхат Жұмағали

Президент Антикор төрағасын қабылдады

 Динара Амантай 06.11.2023 | 17:55
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы 10 айда атқарған жұмысының нәтижелері баяндалды. Асхат Жұмағали осы уақыт ішінде елімізде жемқорлыққа қатысты 1 мың 500-ге жуық қылмыс тіркеліп, 1 мың 100-ден астам адамның ісі әшкереленгенін мәлімдеді. Оның 158-і – түрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа мыңнан астам іс жолданып, 282 миллиард теңге шығын өтелген.

Сондай-ақ 2022 жылдан бері бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны шамамен 857 миллиард теңге болатын мүлік активтері мен қаржы қайтарылған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр.

Агенттік еліміздің барлық өңірі бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңге болатын осындай 156 нысан бар екенін анықтаған. Азаматтық қоғаммен өзара тығыз қарым-қатынас орнату арқылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылып жатыр. Қазір жемқорлықтың белең алуына бейжай қарамайтын 2 мыңнан астам азамат бұл бастамаға атсалысып жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимылды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама