×

Батыс Қазақстан облысында 104 тоннадан астам көкнәр сабаны тәркіленді (ВИДЕО)

Күдіктілер есірткіні Алматыда сатып алған

 Дастан Жұмабекұлы 06.11.2023 | 09:00
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Батыс Қазақстан облысының полициясымен және көліктегі полициямен бірігіп, құрамында көкнәр сабаны мен апиынның қоспалары бар тағам көкнәрін тәркіледі.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайыновтың айтуынша, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қолдауымен құрылған жедел-тергеу топтары Орал, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларында апиын көкнәрін еліміздің батыс өңіріне сатқан 8 адамды ұстады. Олар есірткіні Алматыда сатып алған.

Есірткі трафигін Шымкент қаласының 50 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол Ақтөбе мен Оралдағы 4 дүкеннің иесі болып шықты. Сол арқылы күдікті есірткі жасауға арналған көкнәр сабаны мен өнеркәсіптік еріткішті сатқан. Полиция бір мезгілде Астана, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Рудный қалаларында күдіктілерді ұстады, – деді ол.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Орал қаласында тінту кезінде екі дүкенде 13 қап кептірілген көкнәр сабаны, еріткіші бар қораптар, таразылар, есірткі саудасынан алынған ақша ағындары тіркелген кассалық журналдар анықталды.

Ақтөбеде тағы 68 қап көкнәр сабаны, еріткіші бар қаптамалар, кассалық журнал және қылмыскерлер есірткі тасымалдайтын Toyota Highlander жол талғамайтын көлігі тәркіленді.

Шымкентте қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы ұсталды. Оның үйінен есірткі саудасынан түскен ақша жазылған алты кассалық журнал, бес қап кептірілген көкнәр сабаны, Toyota Land Cruiser Prado 150 жол талғамайтын автокөлік пен DAF ауыр жүк көлігі табылды.

Алматыда қылмыстық топ мүшелерінің бірі жалға алған қойма үй-жайларына тінту жүргізілді. 22 тоннадан астам көкнәр сабаны мен BMW X5 автокөлігі табылып, тәркіленді.

Бір мезгілде көлік полициясы Астана, Алматы, Қостанай және Рудный қалаларында апиын көкнәрін сату бойынша ортақ отбасылық қылмыстық бизнеспен айналысқан жеті адамды ұстады.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Сарқытбай Құсайыновтың айтуынша, арнайы операция кезінде қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды. Олар 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

104 тоннадан астам көкнәр сабаны, 600-ден астам «тропикамид» және «мидекс» дәрілік препараттарының бөтелкелері, шамамен 5 млн теңге, 4 автокөлік және DAF ауыр жүк көлігі тәркіленді. Осылайша айналымға апиынның бір миллионнан астам бір реттік дозасы жіберілмеді. Тәркіленген өнімнің құны 4 млрд теңгеге бағаланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама