×

Несиені төлей алмаған жағдайда не істеу керек – тығырықтан шығу жолдары

Қарыз алушы кредит мөлшерін азайту немесе кейінге шегеру туралы өтініш жасай алады. Бірақ...

 Халық үні 01.11.2023 | 23:53
көрнекі фото: Halyq Uni

Қаржылық сауаттылық – бұл ең алдымен өз ақшаңды сауатты басқара білу. Бүгінде өкінішке қарай кредиті жоқ адам аз. Ал оны уақытылы төлей алмай, қарызға батқандар қаншама. Кредит және оны кешіктіру проблемасы туралы Sputnik Қазақстан тілшісі зерттеп көрді.

Кредит – оңай әрі қолжетімді ақша болып көрінгенімен, шын мәнінде проблемасы көп қаржы. Адам қанша жерден қаржылық сауатты болса да, қиындықтан шығу үшін амалсыз кредит алуына тура келіп жататын жәйттар көп. Сонымен, кредиттің бүге-шігесін бізге банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев айтып берді.

Егер сіздің кредитіңіз төлеу уақытынан кешіктірілсе, 30 күнтізбелік күн ішінде банкке жазбаша өтінішжасау керек. Онда не үшін кредитті төлей алмағаның туралы түсіндіріп жазасыз. Бұл өтінішке куәландыратын құжаттардың көшірмесін қосасыз. Сосын банктен кредит міндетін қайта қарауды сұрайсыз. Осы орайда банктің кіріс белгісімен өтінішіңіздің көшірмесін алуыңыз керек, - Бияқаев.

Кредит қарызы барлар банкке өтініш жазуға құқылы

Қарыз алушы кредит мөлшерін азайту немесе кейінге шегеру туралы өтініш жасай алады. Алайда банк мыналарды қарауға және мақұлдауға не олардан бас тартуға құқылы:

сыйақы мөлшерлемесін төмендету;

кредитті немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;

берешекті өтеу әдісінің және өтеу мерзімінің өзгеруі;
қарыз мерзімін өзгерту (ұзарту);

мерзімі өткен кредитті немесе сыйақыны кешіру;
 

айыппұлдар мен өсімпұлдардың, сондай-ақ қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялардың (бар болса) күшін жою.

Банк күнтізбелік 15 күн ішінде жазбаша жауап беруге немесе қарыз шартын өзгерту бойынша өз талаптарын беруге немесе дәлелді негіздемені көрсете отырып, өтініш бойынша бас тартуға не қарау мерзімін ұзарта отырып, жауап беруге міндетті. Өз тарапынан банк қарыз алушының әлеуметтік жағдайын, табыстың төмендеуін, кепілді тұрғын үйдің бірегейлігін және тағы басқа жайттарды ескеруге тиіс, - дейді сарапшы.

Банк өтініштен бас тартқан жағдайда...

Егер банк өтініштен бас тартқан жағдайда реттеушіге – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жазбаша өтініш жасауға болады. Уәкілетті орган одан әрі талқылау үшін банкке тапсырылған өтініштің көшірмесін және банк жауабының көшірмесін міндетті түрде қоса беру керек.

Егер тұрмысы орташа азаматтар санатына жататын болсаңыз, онда мерзімін өткізіп алу және бас тарту бойынша талқылаулар туындаған кезеңде банк кепіл мүлкін соттан тыс сату рәсімдерін бастай алмайды. Егер сізде кепілді (ипотекалық) кредит болған жағдайда, заңнамаға сәйкес Сіз банкке ипотека нысанасы болып табылатын кепіл мүлкін өз бетінше өткізу туралы немесе кепіл мүлкін банк балансына беру арқылы қарыз шарты бойынша міндеттемені орындауды кейінге шегініп беру туралы өтінішпен банкке жүгінуге құқығыңыз бар, - дейді Нұржан Бияқаев.

Мерзімі өткен кезде банк қызметкерлерімен байланыста болудың қажеті жоқ, бірақ жоғарыда аталған процедураларды уақытында жүргізген дұрыс. Бұл проблемалық жағдайды уақтылы және дұрыс шешуге көмектеседі.

Кредит алардан бұрын...

Биыл Қазақстанда жеке тұлғаларға кредит беру көрсеткіші күрт өсті, дейді сарапшылар. Кредитті төлемейтіндер саны да артқан. Нұржан Бияқаевтың айтуынша, тіпті шағын кредит – бұл ең алдымен өмір сапасына әсер ететін қаржылық міндеттеме.

Банкке жүгінген кезде менеджер өтеу кестесінің алдын-ала есебін ұсына отырып, барлық негізгі шарттарды толық түсіндіруі керек. Ал азаматтар айтарлықтай сәйкессіздіктерді болдырмау үшін банктердің сайттарында немесе ARRFR сайтында орналастырылған кредиттік калькуляторды қолдана отырып, берілген есептеулерді дербес салыстыра алады. Кредит келісімшартын оқығанда міндетті түрде мұқият болыңыз. Ақшаны алғанға дейін асығыстық танытпаңыз, - дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, басты ережелердің бірі – клиенттің зейіні. Қарыз шартына қол қоймас бұрын, қарыз бойынша негізгі (түпкілікті) ақпаратты қамтитын шарттың титулдық бетін мұқият зерделеу қажет. Қарыз сомасы, мерзімі, номиналды мөлшерлеме мен өтеу әдісі, ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттары, өсімпұлдың, айыппұлдың мөлшері, барлығын жіті зерттеу керек.

Коллектор деген кім, міндеті не?

Қазақстан аумағында кредит берешегін өндіріп алу бойынша жұмыс істейтін коллекторлық агенттіктер

«Банктер және банк қызметі туралы» және «Коллекторлық қызмет туралы» заңдардың талаптарына бағынады. Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 270 коллекторлық агенттік бар.
«Банк пен коллекторлық агенттік арасында факторинг шарты (яғни талап ету құқықтарын беру) жасалады. Міндетті түрде қарыз және кепіл шартының түпнұсқалары беріледі. Бұл ретте банктің борышкердің келісімінсіз берешекті коллекторға беруге немесе қарыз алушының берешегін бір мезгілде бірнеше коллекторға беруге құқығы жоқ», - дейді сарапшы.

Коллекторлық агенттік қызметкерлері борышкермен тек жұмыс күндері, 08-00-ден 21-00-ге дейінгі кезеңде, телефон байланысы арқылы күніне 3 реттен артық емес және көрсетілген уақытта жеке байланыс кезінде аптасына 3 реттен артық емес байланысқа түсуге құқылы. Бұл ретте, мемлекеттік және орыс тілдерін меңгерген қызметкер әрбір байланыс кезінде есептік тіркеудің атауы мен нөмірін, коллекторлық агенттік мекенжайын, байланысатын қызметкердің толық аты-жөнін, банктің атауын, сондай-ақ берешек қалдығы туралы жазбаша ақпаратты атауға міндетті. Қазақстанда алаяқтық әрекеттер жиілеп кеткендіктен, қоңырау шалушы қызметкерден жоғарыда көрсетілген барлық ақпаратты ұсынуды талап етіңіз.

Банктің коллекторлық агенттікке берген берешегінің жалпы сомасы тіркеледі және оны коллекторлық агенттік өз бетінше ұлғайта алмайды. Берешек мөлшерін өз бетінше азайтуға ғана құқылы, мысалы, банк бұрын есептеген айыппұл тұрақсыздықтарын жоя алады. Коллекторлық агенттіктің бірыңғай телефон нөмірі болуға тиіс, қызметкерлерге борышкердің дербес деректерін үшінші тұлғаларға ашуға, борышкерді берешек туралы ақпарат бойынша жаңылыстыруға тыйым салынады, ең бастысы, қызметкерлердің борышкерден берешекті өтеу үшін қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз нысанда да ақша қабылдауға, сондай-ақ басқа мүлікпен өтеуді талап етуге құқығы жоқ, - дейді Нұржан Бияқаев.

Барлық процесс банкте коллекторлық агенттіктің ресми деректемелері бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ борышкерге қысым жасауға, бопсалауға, қоқан-лоққы жасауға, балағат сөздер айтуға және тағы басқа әдепсіз мінез-құлыққа жол берілмейді. Заңнамаға сәйкес, коллекторлық агенттік борышкердің банктік шоттарын бұғаттауға немесе тыйым салуға, сондай-ақ оны одан әрі іске асыру үшін борышкердің кез келген мүлкіне тыйым салуға құқығы жоқ. Мұны сот шешімі шеңберінде тек банк немесе жеке сот орындаушы жүргізуге құқылы, - дейді банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Егер коллекторлық агенттікке қатысты даулы мәселе туындаса, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре аласыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама