×

63,3 млрд теңгенің компаниясы мемлекетке қайтарылды

Активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жалғасады

 Дәурен Ерболат 23.10.2023 | 15:30
Фото: Halyq Uni

ҚМА құны 63,3 млрд теңге болатын ҚИҚ компаниясын мемлекетке қайтарды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Агенттік «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ заңсыз жекешелендіру фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр. Тергеу барысында «Бәйтерек» «ҰБХ» АҚ меншігіне құны 63,3 млрд теңге болатын «Қазақстанның инвестициялық қорының» (ҚИҚ) 100% акциясы қайтарылды, – деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, сотқа дейінгі тергеу басталғанда қордың Қазақстанның даму банкі алдындағы қарызы 18,7 млрд теңге болған.

Агенттікпен қабылданған шаралармен, оның ішінде қолма-қол ақшамен өтеу есебінен (9,2 млрд теңге сомасына дебиторлық берешекті қайтару қамтамасыз етілді) берешек 3 есе (18,7 млрд теңгеден 6,3 млрд теңгеге дейін) төмендетілді.

Сондай-ақ 12 еншілес компания қордың бақылауына қайтарылды. Бұл – металл конструкцияларын, жол және құрылыс битумын шығару, шиналарды және ірі қара малдың терісін қайта өңдеу, қағаз-картон өнімдері, желімделген ағаш конструкциялар, бағыттамалы бұрмаларды шығару зауыттары және полиграфия.

ҚИҚ балансына Алматы қаласындағы бизнес-орталықтың ғимараты және Алматы облысындағы құны 1,6 млрд теңгеден асатын жер учаскелері қайтарылды.

Сонымен қатар Dosjan Temir Joly АҚ жылына небәрі 100 млн теңгеге 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жойылды.

Кәсіпорынның былтыр таза пайдасы 1,3 млрд теңге болғанымен бастапқы бағалау кезінде бұл дерек ескерілмеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама