×

Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындары басталды

Қазақстан мықты спортшыларды алып барды, - деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің маманы

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2023 | 11:15
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы – Ар-Риядта Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының ресми ашылуы өтті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Green Halls кешенінде өткен ауқымды іс-шарада 80-нен астам мемлекеттің өкілдеріне түрлі қойылымдар, жекпе-жек түрлерінің ерекшелігі жайлы көріністер ұсынылды.

Елімізде жекпе-жек түрлері тиісті деңгейде дамып жатыр. Оның үстіне халықтың басым бөлігі аталған спортты тұрақты бақылап отырады. Бокс, дзюдо, каратэ, кикбоксинг пен армрестлингтен ірі жарыстарда ұлттық құрамамыз үздік ондықта жүреді. Сауд Арабиясындағы бұл кешенді жарысқа делегация жақсы дайындықпен келді. Кей спорт түрлерінен әлем чемпионатымен қатар келгеніне қарамастан, жарысқа қабілетті команда жасақтадық, – деді ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің маманы Келбет Нурғазина.

Бұл ойындарға Қазақстан спорттың 9 түрінен 53 атлеттен делегация жасақтап алып келді. Алдағы күндері алғашқы жүлде жиынтығын самбошылар сарапқа салады. Қазір бозкілем шеберлері салмақ өлшеп, ертеңгі жүлде жолындағы жекпе-жектеріне дайындалып жатыр.

Әлем чемпионатына аз уақыт қалды. Соған қарамастан осында көптеген салмақта мықты спортшыларды алып келдік. Ерлер мен әйелдер үшін де жеребе жолдас болған жоқ. Дегенмен жақсы нәтиже көрсетуге шама-шарқымыз жетеді. Атап айтар болсам, жауынгерлік самбода Әділбек Сейісов (64 кг), Асқар Абдулла (98 кг), ал спорттық самбода Сағыныш Әліпбай (71 кг), Темірлан Көлбай елге жүлдемен оралады деген сенімдеміз, – деді самбодан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Біржан Имақов Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Жалпы Ар-Риядтағы ойындар бағдарламасында 16 спорт түрі бар. Оның ішінде дзюдо, таеквондо, күрес, семсерлесу мен бокс Олимпиада бағдарламасына кіреді. Сондай-ақ айкидо, армрестлинг, джиу-джитсу, каратэ, кендо, кикбоксинг, тай боксы (муай-тай), самбо, сават (француз боксы), сумо мен ушу бар.

Бұл кешенді жарыстың (World Combat Games) тарихы 2010 жылдан бастау алады. Алғаш рет Қытайдың астанасы – Бейжіңде 27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өткен ойындарда спорттың 13 түрінен үздіктер анықталған. Қазақстан делегациясы 9 спорт түрінен 45 атлет апарып, 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медальге ие болған. Сол кезде алтын медальді Ерлан Тілеуімбетов (69 кг, джиу-джитсу), күміс жүлдені Нұрлан Тілеуімбетов (77 кг, джиу-джитсу), Арман Сансербин (68 кг, самбо) мен Арман Шылманов (+80 кг, таеквондо), қола медальді Азамат Нұрпейісов (75 кг, кикбоксинг (фулконтакт), Нұрболат Сенгеров (82 кг, муайтай) пен Жұмагелді Жетпісбаев (70 кг, панкратион) жеңіп алды.

Одан кейін араға 3 жыл салып, келесі ойындар Ресейдің Санкт-Петербург қаласында болды. Онда спорттың 15 түрінен 135 жүлде жиынтығының иегерлері анықталды. Елден барған 5 спорт түрінен 20 жекпе-жек шебері екі қола жүлде иеленді. Бұл жүлдеге Тілеуғабыл Аманториев (62 кг, джиу-джитсу) пен Жансерік Әміржанов (67 кг, муайтай) ие болды.

Сосын біршама уақыт бойы кезекті доданы ұйымдастырудың реті түспеді. Жан-жақты келіссөздерден кейін Тайбэйге сол мүмкіндік берілгенмен, ол да кейінге шегерілді. Ал IV бәсеке 2021 жылы Астанада өтуге тиіс болған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты әлем атлеттері бұл сында бақ сынай алған жоқ.

Бесінші жарысты ұйымдастыруды биыл Сауд Арабиясының Корольдігі өз мойнына алды.

Осы уақытқа дейін дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында 77 мемлекеттің спортшысы жүлде алған. Қазақстан жалпы есепте 1 алтын, 3 күміс және 5 қола медальмен 37-орынды Гонконг және Сербиямен бөлісіп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама