×

Ресейге тауарлардың 106 түрін сатуға тыйым салынғаны туралы ақпарат жалған - Сауда және интеграция министрлігі

Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына кез келген тауарды экспорттауға тыйым салынбаған

 Халық үні 19.10.2023 | 22:32
фото: gov.kz

Сауда және интеграция министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Ресейге тауарлардың 106 түрін сатуға тыйым салынғаны туралы ақпараттың жалған екенін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Unі

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда қатынастарын реттеу Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың ережелеріне толық сәйкес жүргізіледі. Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына кез келген тауарды экспорттауға тыйым салынбаған.

Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын «қос мақсаттағы» тауарлармен сауда ҚР халықаралық міндеттемелеріне сәйкес іске асырылатынын атап өтеміз. ҚР заңнамасына сәйкес, мұндай тауарларға қатысты экспорт, импорт және транзит кезінде тиісті лицензия алу қажет. Экспорттық бақылау жүйесі қос мақсаттағы тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу үшін қажетті рұқсат құжаттарын алуды көздейтін сауда саясатының ерекше саласы саналады. Экспорттық бақылау ұлттық құзыретке жатады, ол ЕАЭО туралы Шартта да бар.

Парламент Сенатының аумағында журналистің сұрағына жауап ретінде вице-министр Қайрат Төребаев айтқан тауарлардың 106 түрі қос мақсаттағы тауарлар тізбесіне кіреді. Бұл ретте қос мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылау халықаралық тәртіпке сай 20 жылдан астам уақыт бойы іске асырылып келе жатқанын атап өтеміз, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев Қазақстан әскери мақсатта пайдалатын 106 тауарды Ресейге экспорттамайтын болғанын мәлімдеген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама