×

БҚО-да бір ауылдың балалары екі жылдан бері мектепсіз отыр

Күрделі жөндеуге жабылған ауыл мектебі былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді

 Халық үні 19.10.2023 | 08:38
фото: Астана телеарнасы

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылының балалары екі жылдан бері мектепсіз отыр. Қазір олар жатын бөлмесі оқу класына бейімделген шағын интернатта оқып жүр. Күрделі жөндеуге жабылған ауыл мектебі жоспар бойынша былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді, деп хабарлайды Астана арнасы. 

Телеарна хабарлауынша, екі жүзге жуық оқушы мектеп жанындағы шағын интернаттың сегіз класында екі ауысыммен оқуға мәжбүр. Өйткені әбден ескірген интернат ғимараты 60 балаға ғана лайықталған.

Мердігердің жұмыс жасап жатқаны, бүгінгі таңға дейін әлі күнге дейін созып жатқаны ұнамайды. Біресе материалы болмайды, материалы келсе жұмысшылары кідіріп жатады. Ата-аналар да аңсайды, балаларымыз да айтып қояды ана мектебіміз қашан бітеді деп. Сол жарқыраған заманауи үлгідегі мектепте әрине бәріміз оқығымыз келеді, - дейді Базартөбе орта мектебінің директоры Мәрия Қайранбекова.

Ал мердігер жұмыстың кешеуілдеуін қаржыландырумен байланыстырады. Айтуынша, қазір ғимараттың есік-терезесі, едені мен төбесі түгел жаңартылып, жөндеу 85-90% аяқталған. Білім ошағының қазіргі жағдайымен «AMANAT» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау департаментінен келген жұмыс тобы да танысып, бірқатар ескертпесін жеткізді. Енді бұл істі партия өз бақылауына алмақ. Бүгінде облыста 12 мектеп апатты жағдайда, тағы 9 білім ордасы үш ауысыммен жұмыс істейді.

 Мектепті былтырғы декабрьге дейін деп берілген. Бірақ алайда оның, бұл мектептің қаражаты екі жылға бөлінген. Договорымыз осы жылдың аяғына дейін. Құдай қаласа, қараша айының 15-теріне қарай мектепті тапсыруға әрекет жасап отырмыз. Қазір 100 пайыз күш-жігеріміздің бәрін осы нысанға салдық, - дейді мердігер мекеме өкілі Бейбарыс Манаш.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама