×

Елімізде алғаш рет ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтеді

Оларға 500-ден 1500 АЕК-ке дейін қаржылық қолдау көрсетіледі

 Динара Амантай 18.10.2023 | 11:29
Фото: Halyq Uni

Ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы биыл қараша және 2024 жылдың қаңтары аралығында алғаш рет өткізіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алады. Мұндағы мақсат – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру.

Республикалық олимпиадаларда академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланады, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.

Жоғарыда аталған қағидалардың барлығы ең беделді әлемдік IMO, IPhO, IChO, IBO, IGeO, IOI және IOL олимпиадаларының ережелеріне сүйеніп жасақталған. Бұл олимпиадаларда жеңімпаз болған қазақстандықтарға мемлекет тарапынан 500-ден 1500 АЕК-ке дейін қаржылық қолдау көрсетіледі. Биыл 23 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстандық оқушылардың осындай жоғары жетістіктерін ескере отырып, халықаралық ұйымдастыру комитеті биологиядан ең беделді әлемдік олимпиаданы 2024 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Оған 80 елден 330-ға жуық үздік жас биолог қатысады деп күтіледі, – деді Ғаждембек Тұрсынов.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, мұндай ауқымды шараның өткізілуі – еліміздің бүкіл оқу-ағарту саласының жетістігі мен жоғары мәртебе.

Пәндік олимпиада – балалардың санасында алғашқы ғылыми ізденістерге жол салатын, болашақ ғалымдарды шабыттандыратын, ғылыммен еркін айналысатын жастар тобын қалыптастыратын ең ауқымды бағдарламалық сайыс. Қазақстандық мектеп оқушыларының беделді олимпиадаларға қатысу рейтингі жеңіс қоржынында медальдар санының көбейгенін, білім сапасының артқанын көрсетеді. Сондықтан республикалық олимпиадалардың әрқайсысының сапалы әрі жоғары деңгейде өтуі маңызды, – деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетсек, елімізде жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасында олимпиадалар ұйымдастырылады. Оларға 300 мыңға жуық мектеп оқушысы қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама