×

Ханкендіде Әзербайжанның мемлекеттік туы көтерілді (ВИДЕО)

Әлиев сепаратистердің «жалауына» аяғын бір сүртіп, мекемені аралап шықты

 Дастан Жұмабекұлы 16.10.2023 | 10:04
Фото: BUDROOO NEWS

Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевтің мемлекет басшысы болып сайланғанына 20 жыл толуына байланысты Таулы Қарабақтың бірнеше қаласында осы елдің мемлекеттік туы көтеріліп, ғимараттарға елтаңбасы қойылды.

Ең әуелі мемлекеттік ту Қарабақтың орталығы – Ханкенді қаласында көтерілді. Президент Ильхам Әлиев қалаға келіп, салтанатты түрде сепаратистердің ордасына айналған қала әкімшілігінің ғимаратында өткен мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Ол ғимаратқа кіргенде жерде өз-өздерін «Арцах Республикасы» деп жариялаған сепаратистердің «мемлекеттік туы» жатты. Әлиев оған аяғын бір сүртіп, мекемені аралап шықты. Одан кейін мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Қарабақтағы жағдайдың 15 қыркүйектен бастап 180 градусқа өзгергенін атап өтті.

Бұл ғимаратта кейбір адамдар бізге сес көрсетіп отыратын. Олар біз Бакуге танкпен барып, сонда арқамызды кеңге жайып, ыстық шайымызды үрлеп, асықпай ішіп отырамыз деген еді. Сол айтқандары шындыққа айналды. Иә, олар қазір Бакуде. Танктері де Бакуге жетті. Бірақ олардың техникалары жаудан қолға түскен олжа болып тұр. Шай ішіп жатқандары да рас. Олар шайды тергеу изоляторында ішіп жатыр, – деді ол салтанатты рәсімде.

«Бұл жерде өздерін «президент» санаған үш сайқымазақ отырған. Олар шамаларына қарамай, бізге сес көрсетіп, жұдырықтарын түйіп жүрген», – деді ол әрі қарай.

Салтанатты рәсімнен кейін Суговушан, Агдер, Қожалы мен басқа да бірнеше елді мекенде Әзербайжанның мемлекеттік туы көтерілді. Ал Ханкендінің коменданты болып полицияның генерал-майоры Сардар Сафаров тағайындалды.

Еске сала кетсек, осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Әзербайжан әскері Таулы Қарабақта Конституциялық тәртіпті орнату мақсатында жергілікті сипатта антитеррорлық операция жүргізіп, екі күнге жетпей, өз-өздерін «Арцах Республикасы» деп жариялаған сепаратистердің қарулы күштерін талқандап, оның басшыларын тұтқындаған болатын. Қазір «Арцахтың» басшысы болған Рубен Варданян, Араик Арутюнян, заңсыз әскери құрылымның «Сыртқы істер министрі» болған Давид Бабаян мен басқа да сепаратистердің жетекшілері ұсталып, Бакуге жеткізілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама