×

Жыл басынан бері 16,4 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Қоныс аударғандар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды

 Динара Амантай 13.10.2023 | 10:12
Фото: gov.kz

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 16 мың 408 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,5 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,7%) – Өзбекстаннан, 19,3%-ы – Қытайдан, 10,9%-ы – Моңғолиядан, 7,7%-ы – Ресейден, 6,3%-ы – Түрікменстаннан және 2,1%-ы – басқа елдерден.

Осы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 61,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 30,3%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды қамтиды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,5%-ы – жоғары білімді, 34,4%-ы – орта кәсіби білімді, 41,5%-ы – жалпы орта білімді және 8,6%-ының білім жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) анықталды.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 1 мың 925 адам. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 мың 870 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерге қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

  • бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде;
  • тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 1 мың 254 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 522 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1 254 адам біржолғы субсидия алды, ал 513 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Еске сала кетсек, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінде республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 мың 37 өтініш (681 отбасы) қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама