×

Министр полицияға барлық мектепке бейнебақылау камераларын орнатуды тапсырды (ВИДЕО)

Көлік апатынан қаза табатындардың саны азайған

 Дәурен Ерболат 13.10.2023 | 09:20
Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрлігінде алқа отырысы өтіп, 9 айдың қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Polisia.kz.

Жиынға орталық аппарат пен аумақтық полиция бөліністерінің, ведомстволық оқу орындарының басшылары және Ұлттық ұлан өңірлік қолбасшылықтарының командирлері қатысты.

Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында қоғамдық орындарда, соның ішінде көшелерде жасалған қылмыстар азайған. Тонау, қарақшылық пен бұзақылық деректері төмендеген. Күш қолдану арқылы жасалған қылмыстардың ашылуы біршама жақсарған.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мектептердегі қауіпсіздікті күшейту керектігін атап өтті. Ол аумақтық полиция департаменттерінің басшыларына оқу орындарын бейнебақылау камераларымен және дабыл түймелерімен толық қамтуды, оларды жедел басқару орталықтарына қосуды, бейнебақылау камераларына көрінбейтін жерлерді бақылауды, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың жұмысын жетілдіруді тапсырды.

Сондай-ақ отырыста жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Биыл қабылданған шаралар нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 4%, қаза табу көрсеткіші 2% азайған.

Сонымен қатар электр самокаттары мен мопед жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Биыл 1 қыркүйектен бастап жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін 2079 самокат және 4 838 мопед жүргізушісі жауапқа тартылды.

Есірткі қылмысына қарсы күрес те назардан тыс қалмады. Жыл басынан бері бұл салада полицейлер 7 мың профилактикалық іс-шара өткізді. Қазақстанда жалпы 2700 есірткі сайты бұғатталды.

Электронды ақпараттық ресурстарды пайдаланып, есірткі заттарын өткізудің 343 дерегі анықталды. Министр бейнебақылау жүйесін кеңейтіп, қылмыстарды ашуға басымдық беру керектігін атап өтті.

Жалпы, биыл камералардың көмегімен 8 мыңға жуық қылмыс ашылып, 400 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама