×

Қазақстан құтқарушылары Ауғанстанда үйінді астынан баланың денесін тапты

Қазақстандық құтқарушылар 80 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсеткен

 Халық үні 12.10.2023 | 23:39
фото: ТЖМ

Қазақстанның құтқарушылары Ауғанстанда болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда. Құтқарушылар қираған тұрғын үйдің біреуін бөлшектеу барысында үйінділердің арасынан 5-6 жастағы баланың денесін тауып алып шыққан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанға жіберілген қазақстандық құтқарушылар жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсетуді жалғастыруда.

Наиброфи елді мекенінде қазақстандық құтқарушылар 211 үй фрагментінің үйіндісін бөлшектеді.«Бір қатармен» әдісі бойынша құтқарушылар 487 учаскені жаяу жүріп өтті. Осы елді мекенде 700 қираған үйдің учаскесі тексерілді, - делінген хабарламада.

Ведомство ақпаратынша, толығымен қираған тұрғын үйдің біреуін бөлшектеу барысында құтқарушылар 5-6 жастағы баланың денесін тауып алып шықты.

Ауған тарапының өкілдерімен бірлесіп, қазақстандықтар Наиброфиден 10 км қашықтықта орналасқан Сияхан елді мекенінде толығымен қираған үйлердің астын тексерді. Чолк елді мекенінде де үйінділерді бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Зардап шеккендер табылған жоқ, - деп жазылған ТЖМ ресми сайтының хабарламасында.

Қазақстандық құтқарушылар 80 жергілікті тұрғынға, оның ішінде 11 балаға медициналық көмек көрсеткен.

Қатты афтершок фактілерінің жиілеуіне әрі бөлінген учаскедегі жұмыстардың аяқталуына байланысты Қазақстан ТЖМ жасағы Герат қаласына бару үшін жолға шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама