×

Астанада ластанған Ақбұлақ өзені лайдан келесі жылға дейін тазартылады

Мұндай ауқымды тазарту 20 жылда алғаш рет іске асып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 08.10.2023 | 17:08
фото: gov.kz

Астана қаласындағы Ақбұлақ өзенінің түбін лайдан тазарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

2022 жылы Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы неғұрлым лайланған учаскелерді және тұнба көлемін анықтау мақсатында Ақбұлақ ағынының тереңдігіне гидрологиялық зерттеу жүргізді.

Нәтижесінде шөгінділер қалыңдығының 2 метрден асатыны анықталды. Түбінің бұлыңғырлануы су қоймасының батпақтануына және жағымсыз иістің пайда болуына әкеп соққан.

Өзенді көпжылдық шөгінділерден тазарту жұмысы биыл 1 қыркүйекте басталған. Енді ол келесі жылдың сәуір айына дейін созылады. Ағынды суарумен барлық абаттандырылған аумақтың 70%-ын қамту жоспарланып отыр.

Мұндай ауқымды тазарту 20 жылда алғаш рет іске асып жатыр. Өзендер мен су қоймаларының түбін тазарту жерүсті суларын ластанудан, бітелуден және сарқылудан қорғау, олардың санитарлық және эпидемиологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі негізгі шаралардың бірі саналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама