×

Қазақстанда «Педагогтер аралы» жобасы қолға алынады – Мақсат Құрбенов

Педагогтер саммитіне «Global Teacher Prize» сыйлығының 15 жеңімпазы келді

 Ербол Тұрымбет 08.10.2023 | 09:10
фото: Halyq Uni

Астанада алғаш рет «Педагогтер саммиті» өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қауымымен бірге шетелден педагогика саласының танымал тұлғалары шақырылған. Жаһандық «Global Teacher Prize» сыйлығының 15 жүлдегері де қатысты. Олардың арасында осы жүлдені 2020 жылы иеленген Ранжит Дисале, 2021 жылғы жеңімпаз Кейша Торп бар.

Nobel fest негізін қалаушы әрі осы саммит ұйымдастырушысы Мақсат Құрбеновтің айтуынша, енді «Педагогтер аралы» жобасын қолға алу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар жыл сайын жазда бір апта немесе 10 күнге Қазақстанның бір курортында жиналып, әлемнің үздік мұғалімлерімен бірге тренинг өткізу идеясын қолға алмақ. Ал ол мұғалімдер тренер болып, кейін өз қалаларында, ауылдарында білген-түйгенін таратады.

Жиындағы сессия модераторларының бірі, «Global Teacher Prize» сыйлығына 2021 жылы Қазақстан атынан қатысқан Асхат Жұмабековтің айтуынша, Қазақстан мұғалімдері үшін жаңартылған әдіс-тәсілдерді меңгеру өте маңызды болып тұр.

Мен Финляндияда «Болашақ» бағдарламасымен оқыған кезде олардағы білім бағдарламасы негізгі құндылықтарға негізделген. Олар алдымен соған көңіл аударады. Ал бізде, Қазақстанда жаңа технологиялар мен жаңартылған әдіс-тәсілдерге мән береді, – дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде PISA рейтингі бойынша Назарбаев зияткерлік мектептері математика жағынан 5-орында, сауаттылық жағынан 9-орында. Асхат Жұмабековтің сөзінше, ол осындай Nobel Fest, педагогтар саммиті сияқты шараларға қатысудың нәтижесі. Екіншіден, lesson study сынды бағдарламаларды қолданады. Олар үнемі зерттеуде жүретіндіктен, түбінде бір нәтиже шығарады.

Тағы бір мәселе, рефлексия мұғалімдерге бірінші мәселе болу керек. Менің Финляндияда алған ең бірінші тәсілім осы. Сосын оны өз елімізге әкеп көрсеттім. Мұғалім бір күнгі сабақтарынан кейін ішкі сұрақтарына жауап беруі керек. «Не үшін олай істедім?», «қандай минус, қандай плюс болды?», «ертең не істеймін, балаларды қалай дамытам?» деген сықылды сұрақтарға мұғалім жауап бере алса, ол міндетті түрде бір нәтижеге келеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінде трансляция басталған. Онда НЗМ-ның критериалды бағалау, жаңартылған әдіс-тәсілдер, бағдарламалармен жұмыс істеу сынды тәжірибелері жан-жаққа таратылады.

Сол жерде біздің мұғалімдердің деңгейі жоғары екенін көріп отырмыз. Дегенмен, олар бүгінгі жаңартылған әдістерді де қабылдауға дайын болса дейміз. Мұғалім facilitator ретінде оқушыға бағытын көрсету керек. Оның да өз әдісі бар. Мысалы, менің PBL деген жеке әдісім бар. Мен балаларға түсіндірмеймін. Олар даму және шешу жолдарын өздері анықтайды, – дейді Асхат Жұмабек.

Оның сөзінше, педагогтер саммитіне шетелден келген мұғалімдердің әрқайсында өзіндік ізденіспен жасап шыққан авторлық әдіс-тәсілі бар. Педагогикада қалыптасқан «білім, түсіну, қолдану» деген үш дағдыдан кейін шығармашылық деңгейге шығады. Оған талдау, саралау, синтездеу, бағалау сынды қасиеттер керек. Танымал педагогтар осы жиында сол мәселелерді қозғап отыр.

Шара ұйымдастырушысы Мақсат Құрбеновтің айтуынша, алда үлкен Teacher sammit өткізуді де қолға алмақ. Оны «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы аясындағы «Қазақстан мұғалімі» сыйлығы форматында өткізу көзделген. Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанның үздік мұғалімі миллион доллар жүлдесі бар жаһандық «Әлем мұғалімі» сыйлығына ұсынылып келеді. Биыл сол ТОП-50 әлем мұғалімінің ішінде Қазақстан атынан Айгүл Ишанғалиева бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама