×

Баспана кезегінде тұрғындар үйін 10-15 жыл күтпеуі керек – министр

Болашақта кезек толық цифрландырылады

 Дәурен Ерболат 03.10.2023 | 15:56
Фото: Halyq Uni

Бүгінде Үкімет баспана кезегіндегі қазақстандықтарға үй алуды жеңілдетуді көздейтін түзетулерді заңға енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен министр баспана кезегінде тұрған 15 мыңнан аса қазақстандық қайтыс болды деген ақпаратқа түсінік берді.

Баспана кезегінде тұрып, қайтыс болған тұрғындарға тоқталайын. Мұны тексеру керек. Мысалы, егер адам қайтыс болды, бірақ мұрагерлері бар дейік. Заң бойынша оларға үйге иелік ету құқығы беріледі. Бұл енді бөлек талқылайтын мәселе, - деді Қанат Шарлапаев Үкіметтің баспасөз орталығында.

Оның айтуынша, өткен аптада тұрғын үй кезегін оңтайландыру бойынша Үкімет заңнамаға енгізілген түзетулерді талқылап, Мәжіліске жіберген.

Біз кезекті басқаруды ұлттық даму институтына беруді жоспарлап отырмыз. Ол – «Отбасы банкі». Қазір бұл нұсқа қызу талқыланып жатыр. Осылайша, банк (тұрғын үй) кезегін басқарумен айналысады. Нәтижесінде бұл кезек толық цифрландырылады. Мысалы, біз тұрғын үй комиссиясынан бас тартқымыз келеді. Олар тұрғындарға баспананы беруді үйлестіріп, тиісті шешімді қабылдап отыр. Біз түсінікті және нақты ережелер болғанын қалаймыз. Мысалы, қабылдайтын түзетулердің бірі – адамдардың 20 жыл кезекте (тұрғын үй кезегі) тұрмауына қатысты. Біз мұндай жағдайдың болғанын қаламаймыз, - деді министр.

Алдағы уақытта баспана кезегінде тұрғандарға үй беру тәртібі жеңілдеуі мүмкін.

Түзетулердің бірінде жеңілдік берілетін келесі құрамға өтпес бұрын бір жыл ішінде басымдық берілген барлық топ бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етілуі керек деп жазылған. Біріншіден, бұл кезек санының төмендеуін көздейді. Екіншіден, кезекті бөлу принципі мен үйді тезірек алу маңызды. Себебі адамдар өз пәтерлерін 10-15 жыл күтпеуі керек, - деп түйіндеді сөзін Қанат Шарлапаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама