×

Баспана кезегінде тұрған адамдардың 15 мыңнан астамы қайтыс болып кеткен - министрлік

Кезекте тұрған тағы 533 адам Қазақстан азаматы емес

 Еркеғали Болатұлы 03.10.2023 | 11:35
фото: Halyq Uni

230 мыңнан астам қазақстандық баспана кезегінен шығарылады. Талдау нәтижесінде олардың 96 мыңнан астамы соңғы 5 жылда үйлі болған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлімдеді.

Кезекте тұрған тағы 533 адам Қазақстан азаматы емес. Деректер базасындағы 15 мың 600 азамат өмірден өткен.

Жергілікті әкімдіктер баспанаға мұқтаж жандардың тізімін жыл сайын жаңартып отыруға тиіс. Жыл басында жүргізілген арнайы сараптама негізінде заңның бұзылғаны анықталған.

Заңға сәйкес егер азаматтың атында тұрғын үй тіркелсе, тұрғылықты мекенжайын ауыстырса, үй кезегінен шығарылады, – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитетінің бас сарапшысы Самат Бекжігіт.

Бастама қолға алынғалы әкімдіктер 10 мың адамды кезектен шығарып үлгерді. Қазір бұл жұмыс Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп атқарылып жатыр.

Айта кетсек, еліміз бойынша 647 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Оның 430 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тапсырмасымен Астана қаласында баспана кезегінде тұрған тұрғындар тізімі түгенделіп жатыр. Құқық меншігінде тұрғын үйі бар азаматтар кезектен шығарыла бастады. Бүгінде жоғарыдан келген тапсырма бойынша үйлі-күйлі 3 372 адам кезектен шығарылды, – деді «Тұрғын үй қоры» КММ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Бекжан Сипат.

Еске сала кетсек, бұған дейін кезекте тұрғандардың біразының жеке баспанасы бар болып шыққанын жазған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама